Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртауда "Onay" жүйесі іске қосылған соң автобус жүргізушілері наразылыққа шықты

Теміртауда екі күннен бері қоғамдық көліктер тоқтап тұр. Адамдар аялдамада автобусты 40-50 минут күтіп жүр. Қала халқы бұған себеп 1 мамырдан бастап қолма-қол ақшасыз төлем жүйесінің енгізілуі деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

автобусАвтобусты аялдамада сағаттап күткен жолаушылар наразылығын жеткізді.

“Бүгін мен аялдамада 50 минут тұрдым, автобустар болған жоқ. Ол жерде халық сондай көп болды! Жұрттың бәрі наразы”, – дейді қала тұрғыны Айжібек Азаматқызы.

“Теміртауда автобустардың жағдайы өте қиын. Ал"Indrive" қосымшасындағы таксилер жолаушыларды кем дегенде 1000-1500 теңгеге тасымалдайды. Автобустар өте сирек жүреді”, – деді Темрітау тұрғыны Виталий Саврей.

Қаладағы шағын автобустар лезде толып кетеді екен. Ал 1 мамырдан бастап "Onay" жүйесі іске қосылыпты. Бейресми ақпарат бойынша, электронды төлем жүйесі заңсыз кіріс алуға мүмкіндік бермейтіндіктен жүргізушілер осылайша қарсылық білдіріп отыр. 

"Onay" жүйесі енгізілгеннен бастап алғашқы күні қаладағы ең ірі көлік паркі небәрі 63 мың теңге кіріс жинаған. Жүргізушілер жанар-жағармай алуға ақшалары болмағандықтан жұмысқа шықпай отырған көрінеді. Әдетте, олар жолаушылардан жинаған ақшасына дизель сатып алады екен. Енді жолаушылар жол ақысын картамен төлейді немесе мүлдем төлемейді. Өйткені бүкіл қала бойынша екі-ақ бақылаушы бар.

Автопарк мәліметінше, жүргізушілердің жалақысы – 450 мың теңге. Олардың жалақыдан тыс қанша ақша жинайтыны белігісіз. Енді автопарк қосымша бақылаушы мен жүргізушілер жалдамақ.

“Мен мұны бопсалау дер едім. Автобус жүргізушілері жүргізушілердің тапшылығын, электронды билетке жаңалық енгізіп жатқанын пайдаланып, ақылға сыймайтын талаптар қойып отыр”, – дейді “ТТС” ЖШС директоры Андрей Нам.

Талқылау