Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темекі түтінінсіз болашаққа ұмтыламыз": Филип Моррис Қазақстан жетекшісі 30 жылдағы нәтижелер, бизнес транформациясы жайлы айтты

Филип Моррис Қазақстан компаниясы қазақстандық нарықтағы 30 жылда өзін беделді инвестор, үлгілі жұмыс беруші ретінде қалыптастырып үлгерді. Осы уақыт ішінде компания ел нарығына сіңіп қана қоймай, оның экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Филип Моррис Қазақстанның жаңа басқарушы директоры Энрике Хименеспен сұхбатымызда компанияның жүріп өткен жолына шолу жасадық. 1993 жылы шетелдік инвестор ретіндегі алғашқы лицензиясын алудан бастап, Алматы облысында заманауи фабрика құруға дейінгі сәттер, "темекі түтінінсіз болашақ"  және темекі индустриясын трансформациялау жөніндегі стратегиялық бағыттарды талқыладық. Оның сөзінше, компанияның жетістіктері оның ел экономикасындағы белсенді рөлінен, көшбасшылық позицияларды иеленуінен көрініс табады. 

— Биыл “Филип Моррис Қазақстанның” Қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қандай негізгі жетістіктерді атап өтер едіңіз?

— Шынында да, “Филип Моррис”-тің Қазақстандағы жетістіктері осы 30 жылдағы елдің жетістіктерімен пара-пар. Біз шетелдік инвестор ретіндегі алғашқы лицензияны 1993 жылы 25 қазанда алдық. Осы уақыт ішіндегі жетістіктеріміз туралы ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы, Алматы облысының Іле ауданында Қазақстан үшін ғана емес, экспортқа арналған 8 нарық үшін де халықаралық брендтер шығаратын заманауи фабрикамыз бар. Оған 560 миллион доллардан астам инвестиция салып, бүкіл Қазақстан бойынша 800 жұмыс орнын аштық. Осы ретте компания 2 миллиард доллардан астам салық төледі. Биыл біз ең ірі салық төлеушілер рейтингінде 9-орынға ие болдық. Бұл жетістіктер біздің ел экономикасы үшін атқаратын рөлімізді және көшбасшылық позицияларды көрсетеді. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық позицияны иеленетіні сияқты, біз де компания ретінде өз саламызда көшбасшымыз деп нық сеніммен айта аламын.

—  Жаһандық деңгейде Филип Моррис "темекі түтінінсіз болашаққа" қолжеткізуге ұмтылады. Бұл нені білдіреді?

— Біздің пікірімізше, әлем темекі түтінінен азат бола алады. Қазір дүние жүзінде 1 миллиардтан астам адам шылым шегеді. Егер шара қолданылмаса, темекі шегушілер санының азаюы өте баяу жүреді. Біздің компанияның тәжірибесіне сүйенсек, шылым шегушілерде темекенің балама түріне ауысу процесі әлдеқайда жылдам жүретінін байқаймыз. Яғни адамдарға темекі өнімдерінің ең зиянды түрі – кәдімгі темекіден тез бас тартуға әрі ағзаға зиянын азайтатын өнімдерге ауысуға көмектесу маңызды. Бірақ бұл жолда жалғыз әрекет ету жеткіліксіз. "Темекі түтінінсіз болашаққа" деген бастамамызды қолдайтын адамдар неғұрлым көп болса, мақсатқа соғұрлым тез жетеміз.

—  Демек "темекі түтінінсіз болашақ" ұғымы тек жаңа өнімдерге ауысуды білдіре ме?

—  Біз айтып отырған трансформация ғылымға және өнімімізді жақсырақ түсіну мақсатында жүргізген зерттеулерге негізделген. Біз темекінің ең үлкен зияны темекінің құрамындағы жанғыш заттардан болатынын анықтадық. Соңғы онжылдықта шылым шегушілер үшін зиянды азайтуға бағытталған түтінсіз өнімдерді дамытуға 10 миллиард доллардан астам инвестиция салдық. Әрине, шылым шегетін адам үшін ең жақсы шешім темекіден толғымен бас тарту. Бірақ ол тастағысы келмесе, оның зиянын азайтудың ең жақсы тәсілі ретінде қалыпты темекі түтінінсіз өнім ұсынамыз.

2025 жылға қарай біздің басты мақсатымыз – 40 миллион шылым шегетін азаматтарды зияндылығы аз өнімдерге ауыстыруға сеп болу. Біз қазірдің өзінде айтарлықтай нәтижелерге қолжеткіздік. Мәселен, 28 миллион түтінсіз өнім қолданушының 20 миллионы темекіден бас тартып, балама өнімдерге ауысқан. 

Біздің компания темекі өнімдерінің баламаларын өндірумен ғана шектелмейтінін айта кеткен жөн. Қазір никотинсіз секторға белсенді инвестиция салудамыз, осылайша, 2025 жылға қарай никотинсіз өнімдерден кемінде 1 миллиард доллар кіріске жетуді мақсат етіп отырған жайымыз бар. 

— Көптеген сарапшы мен белсенді темекі түтінінсіз өнімдер өскелең ұрпаққа бағытталған деп санайды. Сіз олармен келісесіз бе? 

—  Расымен де, құрамында никотин бар өнімдер, соның ішінде түтін шығармайтын құрылғылар 21 жасқа толмаған жастардың қолына түспеу керек, мұнымен бәріміз келісеміз. Филип Моррис осының алдын алу үшін барын салып, тырысуда. Біріншіден, біз заңның шектеулерін қатаң түрде сақтаймыз. Сауда орындарында 21 жастан асқан тұтынушылардың жеке басын куәландыратын құжаттарды талап етеміз. Екіншіден, біз жастардың бөлшек саудаға қолжеткізуіне жол бермеуге бағытталған кампаниялар жүргіземіз.

Сонымен қатар, темекі жылыту жүйелеріміз тек темекі шегушілерге арналған. Егер сіз шылым шекпейтіндер қатарынан болсаңыз, құрамында никотин бар өнімдерді қолданбауға шақырамыз.

—  Көп адам негізгі өнімдеріңіз темекі жылыту жүйелері тартымды дизайнда жасалғанын байқап, оны тікелей жастарға арналған деп есептейді. Бұл туралы не айта аласыз?

— Темекі жылыту жүйелері тек өзіне қатысты зиянды азайтқысы келетін темекі шегетін ересектерге арналған. Зерттеулер де темекі жылыту жүйелерін ересектер қолданатынын растайды. Мәселен, Сандж агенттігінің зерттеуіне сәйкес, IQOS пайдаланушысының орташа жасы 32 жас. Басқа елдерде жүргізілген зерттеулердің деректері темекі жылыту жүйелері жастар үшін тартымды емес екенін растап отыр.

Шылым шегушілерге темекі тигізетін зиянды азайту туралы айтқанда өнімнің өзін де, тұтынушыны да ескеру қажет. Темекі шегетін адам ретінде біз ересек адамды ғана қарастырамыз.

Өнімге келетін болсақ, біз оны оңай пайдаланып, тасымалдауға болатындай етіп жасадық. Темекі шегу құрылғыны пайдаланудан әлдеқайда оңай. Сондықтан темекі шегуді жалғастыратын адамға құрылғыны ыңғайлы ету маңызды.

Елестетіп көріңізші, өнімдеріміз сапасыз, ауыр және оны пайдалану қиын болса, қалай болар еді? Әрине, онда "темекі түтінінсіз болашақ" қалыптастыру мақсатымызға жете алмаймыз. Біз пайдаланушылардың қажеттіліктерін ескеріп, өнімді жақсартуға тырысамыз. 

Байқасаңыз, қазір кез келген салада жаңашылдықтар пайда болуда. Автокөлік компаниялары әрдайым ұзақ қашықтықты еңсере алатын электр көліктерін жасауға тырысуда. Банктер тұтынушылардың транзакциялармен жұмысты жеңілдету үшін барын салып жатыр. Ал БАҚ цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ақпаратқа қолжеткізуді жеңілдетуде. Біз де осы толқындамыз. Өз тарапымыздан әрқашан шылым шегетіндерге темекіні тастауға көмектесетін ең жақсы балама ұсынуға тырысамыз.

—  Жаңа бастамаларға байланысты ФМИ бизнес трансформациядан өтіп жатқанын байқап отырмыз. Осы уақыт ішінде қандай нәтижелерге қолжеткіздіңіздер?

—  Біздің темекі түтінінсіз болашаққа саяхатымыз 2014 жылы Жапония мен Италияда жаңа өнімімізді шығару кезінде басталды. Осы жылдар ішінде біз маңызды мақсаттарға қолжеткіздік, бүгінде біздің табысымыздың 35% түтінсіз өнімдерден келеді. Әрине, біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Біз 2025 жылға қарай табысымыздың жартысынан астамын, ал 2030 жылға қарай үштен екі бөлігін түтінсіз өнімдерден алуды мақсат етіп отырмыз. 10-15 жылдан кейін біз кейбір елдердің темекі түтінінен азат болғанын қалаймыз.

—  Егер мақсаттарыңыз "темекі түтінінсіз болашаққа" қолжеткізу болса, неге компания әлі де темекі сатуды жалғастыруда?

—  Біз темекі шегудің қоғамға тигізетін зиянын азайтқымыз келеді. “Филип Морристің” темекі өндірісін тоқтатуы мәселені шешпейді. Адамдар “Филип Моррис” брендтерінен бәсекелестеріміздің брендтеріне ауысады, демек тұтыну көлемі бірдей болады. Сондықтан "темекі түтінінсіз" болашаққа деген біздің міндеттемеміз тұрақты және ашық болып қала береді. Біз балама өнімдерге көшуді белсенді түрде қолдаймыз, өйткені бұл темекі өнімдерінің қоғамға келтіретін зиянын азайтуға мүмкіндік береді деп есептейміз.
Бірақ темекі өндірісін тоқтату бұл процесті тездетпейді. Бұл тек ФМИ-ді осы трансформацияға үлкен инвестицияларды жалғастыру үшін қаржылық ресурстардан айырады. Бұл жерде айтарлықтай көп соманы меңзеп отырмын. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бүгінгі күнге дейін ғылымға және өндірісімізді трансформациялауға 10 миллиард доллар инвестиция салдық.

Сондай-ақ, 2024-2026 жылдар аралығында біз қосымша 3 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отырмыз. Екі жылдан кейін біздің табысымыздың жартысы темекі түтінінсіз өнімнен келеді. Темекіге ең жақсы балама болатын өнімдерді үнемі дамытып отыру арқылы оның зиянын азайтқымыз келеді. Сонымен бірге шылым шегушілерді темекі шегудің зияны туралы хабардар ету.

— Жақында ФМИ басшысы Яцек Олчак компанияның 2030 жылға дейінгі жоспары мен алдағы жылдарға арналған мақсаттарымен бөлісті. Осы мақсаттар туралы толығырақ айтып бере аласыз ба? Қандай нақты көрсеткіштерге қол жеткізгіңіз келеді?

— Менің ойымша, мен екі негізгі көрсеткішті атап өттім. Оның бірі, осы ұзақ уақыт ішінде біздің табысымыздың үштен екісі темекінің балама түрлерінен келуі. Сондай-ақ біз өнімді дамытуға 3 миллиард доллар инвестициялауды жалғастырамыз. Ал бұл мақсаттар біздің тоқтап қалмайтынымызды дәлелдейді. Біз "темекі түтінінсіз болашаққа" көшуді жалғастырамыз, әрі осы процесті жеделдетеміз.

— Яцек Олчак қазақстандық БАҚ-қа сұхбат беріп, ДДҰ мен ұлттық денсаулық сақтау органдарын темекі түтінінсіз өнімдерге деген көзқарасы үшін сынға алды. Осы ретте Қазақстандағы түтінсіз өнімдерді реттеу туралы не айта аласыз?

— Біздің компания трансформацияға қанша күш салса да, біз мақсатқа жалғыз жете алмаймыз. Қоғам мен мемлекеттік органдардың әрекетсіздігінің зардабы ауыр. Керісінше, біз қазірдің өзінде мемлекет деңгейінде балама нұсқаларды қабылдаған елдердің өте қызықты мысалдарын көріп отырмыз. Жапонияда темекі түтінінсіз өнімдер енгізілгеннен бері шылым шегушілер саны 30%-ға азайған. Швеция "темекі түтінінсіз ел" мәртебесіне жақындап келеді. Зияндылығы аз баламаларға көшуді қолдайтын елдің саясатының арқасында халықтың шамамен 5%-ы шылым шегеді.

Ал Қазақстан өз жолымен жүруі керек. Бірақ темекі шегудің зияны және осы зиянды азайту мүмкіндіктері туралы неғұрлым көп адам хабардар болса, соғұрлым тезірек дами аламыз.

— Осы жылы сіз “Филип Моррис” Казахстан компаниясының басқарушы директоры болып тағайындалдыңыз. Елден алған әсеріңіз қандай?

—  Алғашқы айларда Қазақстан мен Орталық Азияның көптеген жерлерін аралап, жергілікті мәдениетке тереңірек үңілдім. Керемет әсер алдым, Қазақстандағы, жалпы Орталық Азия елдеріндегі адамдардың энергиясы тамаша. Мұның бәрі елдің қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Мен осы даму процесіне қосылып, бірге алға қадам басқаныма қуаныштымын.

— ФМК басқарушы директоры ретінде сіздің стратегиялық жоспарларыңыз қандай?

— Ең бастысы, мен "темекі түтінінсіз болашақ" идеясын күн тәртібіне шығаруды  жалғастырамын. Қазақстанда қазірдің өзінде біздің өнімдерді 400 мың адам пайдаланады, бірақ шылым шегетіндер әлі де көп, егер олар темекіні тастағысы келмесе, ең жақсы балама зияны аз өнімдерге ауысу екенін түсінуі керек. Осы нәрсе қазір басымдыққа ие. 

Екіншіден, Орталық Азияның қалған бөлігіне шығу, кеңею. Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия – барлығы мүмкіндігі мол елдер.

Келесі мақсатымыз — біз жасайтын барлық жобада ESG принциптерін ұстану. Тұрақты даму бойынша бірқатар кампанияларды жүзеге асырып жатырмыз. Мысалы, біз өндірісте көмірқышқыл газын екі есе азайттық. Қалдықтардың 90 пайызы қайта өңдеуге жарамды. Біздің тұрақтылық жөніндегі бастамаларымыз нәтижесін көрсете бастады, жасыл кеңсе мәртебесін, қоршаған ортаға қосқан елеулі үлесі үшін үкіметтің "Парыз" сыйлығын алдық. 

Сондай-ақ Қазақстан мен Орталық Азиядағы халық үшін таңдаулы жұмыс беруші болып қалуымыз өте маңызды. Біз бұған көп күш жұмсадық. Сегіз жыл ішінде "Үздік жұмыс беруші" атағын алдық. Сонымен қатар бізде ерлер мен әйелдердің бірдей жұмыс үшін бірдей жалақы алатынын растайтын EQUAL-SALARY сертификаты бар. Біздің басшыларымыздың жартысына жуығы әйелдер. 30-ға жуық қызметкер ФМИ -де Қазақстаннан тысқары жерлерде дамып келеді. Жергілікті халық бізді тиімді жұмыс жағдайын және мансап жолындағы дамуды ұсынатын тамаша жұмыс беруші ретінде қабылдауы үшін қолдан келгенін аямаймыз. 

— Сұхбатыңызға рахмет!
 

Талқылау