Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темекі сұрап, басынан атып тастады": Amnesty ұйымы Ресей сарбаздарының қолынан мерт болған бейбіт тұрғындардың оқиғаларын жариялады

Amnesty International құқық қорғау ұйымы Украинада Ресей әскерилерінің қолынан мерт болған бейбіт тұрғындардың оқиғаларын жариялады. Өз мәлімдемесінде ұйым Киев облысындағы қалалар мен ауылдардағы кісі өлімі туралы айтып берген 20-дан астам адамның оқиғасын ұсынған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

украина

"Темекі сұрап, кейін атып тастады"

9 наурызда Богдановка ауылының 46 жастағы тұрғыны сырттан атыс дауыстарын естіген. Бұл кезде үйде күйеуі, 10 жастағы қызы мен 81 жастағы енесі болған. 

Ерлі-зайыптылар балаларымен бірге жертөлеге түскен. Олармен қоса кірген Ресей әскерилері итеріп, от жағатын бөлмеге кіргізген.

"Ішке кіруге мәжбүрлеп, есікті жапты. Бірнеше минуаттан соң қайта ашып, күйеуімнен темекі сұрады. Күйеуім бірнеше аптадан бері темекі шекпегенін айтты. Осыдан кейін әскерилердің бірі оң қолын атып тастады. Екіншісі "Өлтіріп таста" деп айтты. Сосын дәл басынан атты", – дейді әйел. 

Айтуынша, күйеуі бірден жан тапсырмаған. Есінен танып қалған ол кешкі 21:30-дан бастап 04:00-ге дейін тыныстап жатқан. 

"Мен естіп жатса, саусағын қозғалтуын өтіндім. Бірақ қозғалтпады. Соңғы демін алғанда, қызыма қарап, әкесінің мерт болғанын айттым", – деп қосты әйел. 



Сол түні әйел қызын алып, ауылдан қашып кеткен. Ал 81 жастағы мүгедектігі бар енесі үйде қалған. 

"Әкемнің арқасында 6 оқтың ізі болды"

Үшінші наурызда Ворзель ауылының тұрғыны 18 жастағы Екатерина Ткачева үйінде ата-анасымен бірге болған. Бұл күні көшеден "Z" таңбасы бар танктер өткен. 

Ата-анасы сыртқа шыққан, ал Екатеринаға үйде қалуын айтқан. Сөзінше, бұдан кейін атыс дауыстарын естіген.

"Танктер кетіп қалған соң, көшеге шығып, көрші үйдің қоршауына өрмеледім. Олардың жағдайын білгім келді. Қоршауға қарап едім, анамның жерде жатқанын көрдім. Ал әкем жолдың екінші бетінде жатты. Арқасында 6 үлкен оқ іздері болды. Келесі күні оларға жақындап бардым. Әкемнің арқасында 6, анамның кеудесінде 1 оқтың ізі болды", – деп еске алды қыз. 

Екатеринаның сөзінше, ата-анасында қару болмаған. 

Өзге оқиғалар

Киев маңындағы ауыл тұрғыны 9 наурызда Ресей әскерилерінің үйіне баса-көктеп кіріп, күейуін атып тастағанын айтады. Ал өзін бірнеше күн зорлап, қарумен қорқытқан. Кейін әйел ауылдан баласымен бірге қашып кеткен.

Буча қаласының 24 жастағы тұрғыны Милена үйінің маңынан бір көшеде тұрған әйелдің мәйітін көргенін мәлімдеген. Бұл әйелдің анасы Миленаға қызын қоршаудан Ресей әскери техникасына қарап тұрғанда атып кеткенін айтқан. 

Айта кетейік, бұған дейін сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 40%-ы Украинамен соғысты Ресейді қолдағанын хабарлаған едік. Сауалнамаға Қазақстанның әр аймағынан 1 100 адам қатысқан.

Талқылау