Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сыртқы істер министрі Ресей – Украина жанжалындағы Қазақстанның ұстанымы туралы айтты

Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "Хабар 24" арнасына берген сұхбатында Ресей мен Украина арасындағы жанжалда Қазақстанның бағыты қандай екенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.   

Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Қазақстан бүгінде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан және халықаралық қатынастардағы дауларды бейбіт жолмен шешуге берік бағыт ұстанған мемлекет.

"Еліміз Ресей-Украина қақтығысын келіссөздер мен дипломатия арқылы тезірек шешуді үнемі жақтап келеді. Қақтығыстың алғашқы күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлесіп, тараптарды қақтығысты шешудің бейбіт жолдарын тауып, келіссөздер процесін бастауға шақырғаны белгілі", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Ол Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитінің Астана декларациясында бекітілген жан-жақты, тең және бөлінбейтін қауіпсіздік тұжырымдамасын әрқашан жақтайтынын айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда Ресеймен тарихи тұрғыдан тығыз саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс қалыптасқан. Дүние жүзіндегі ең ұзын шекараға ие бола отырып, ресейлік әріптестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қалыптасқан деңгейін сақтауға ниеттіміз. Жалпы, құқықтық және саяси жағынан біздің мемлекеттер одақтас және стратегиялық серіктес. Қақтығыс аяқталғаннан кейін Украинамен кең ауқымды өзара тиімді ынтымақтастықтың жоғары динамикасын тез арада қалпына келтіруге мүдделіміз. Бұл екі ел арасындағы әскери қақтығыс қазақстандықтардың жүрегіне батты. Сондықтан Мәскеу мен Киев таяу болашақта келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешудің жолын табады деп шын жүректен сенеміз", – деді Мұхтар Тілеуберді.

Сондай-ақ ол Ресей – Украина келіссөздеріне болжам жасап, Қазақстан қарулы қақтығысты тоқтату, гуманитарлық мәселелерді шешу және халықаралық қатынастардағы шиеленісті азайту жолдарын іздеудегі бітімгершілік күш-жігерге жан-жақты үлес қосып отырғанын айтты.

"Қазақстан әлемдік қауымдастықтың және ең алдымен Түркияның Украинаның бейтарап, ядросыз және блоктан тыс мәртебесі туралы келісімдерге қолжеткізуге бағытталған Ресей – Украина келіссөздер үдерісін бастау жөніндегі делдалдық күш-жігерін құптайды. Біз келіссөздер соғыс қимылдарын одан әрі тоқтатуға, Донбасс мәртебесін анықтауға және санкциялық қысымды жоюға ықпал ететініне шын жүректен сенеміз", – деді Тілеуберді.

Талқылау