"61 вагон, 13 жүк көлігі": Тәжікстан Қазақстанға 3,5 мың тонна гуманитарлық көмек жіберді
Тәжікстан Республикасы Қазақстанның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарына гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: kchs.tj сайтынан
Тәжістан төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, жиналған қауым алдында комитет басшысы Абдухалим Назарзода сөз сөйлеген. Ол президент Эмомали Рахмонның тапсырмасымен қазақ халқына көмек көрсетілгенін атап өтті. Қазақстан төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары Тәжікстанға алғыс айтты.
“Душанбе мен Худжандтан азық-түлік, ауыз су, құрылыс материалдары мен үйлердің шатырын қамтитын гуманитарлық көмек жөнелтілді. Жалпы салмағы 3,5 мың тонна болатын 61 вагон мен 13 жүк көлігі жөнелтілді”, – делінген Тәжікстан төтенше жағдайлар комитетінің хабарламасында.
Бұған дейін Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің тапсырмасы бойынша Қазақстанға су тасқынынан зардап шеккен аудандардың тұрғындары үшін гуманитарлық көмек тиелген 15 жүк көлігі жіберілген еді.
Сонымен қатар көршілес Қырғызстан да Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді.