Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәулік мезгілдерінің қазақша атауы қандай?

Қазақ тілінің сөздік қорының бай екені факт. Біз бұған дейін апта күндері атауларының шығу тарихы, ай атаулары жайлы жазған едік. Бүгінгі материалымызда бір тәулік ішінде кездесетін мезгіл атауларымен таныстырмақпыз.

Ғалым А.Құралұлы өзінің "Ұлттық дүниетаным" атты еңбегінде тәулік мезгілдерін алтыға бөліп, олардың әрқайсысының атауларына тоқталады.

1. Біздің күнделікті қолданыстағы таң, таңертең деген мезгіл атауларынан бөлек, мынадай атаулар бар:

Алакеуім, алагөбе, алаң-елең, алаң-ғұлаң – таңғы мезгілде айнала әлі жарықтанбай, бозғылт тартқан кезі.
Құлан иек, құлан сәрі – таң жаңа сыз беріп ата бестаған кез.
Таңсәрі – жерге жарық түсе бастаған кез.

2. Күн көкжиектен көтерілгеннен кейінгі мезгіл атауларын да есте ұстаңыз:

Сиыр сәске – күн арқан бойы көтерілген кез.
Сәске түс – түскі уақытқа жақын кез.
Ұлы сәске – тал түске жақын кез.
3. Күннің орта мезгіліндегі атаулар:

Тал (талға, тапа-тал) түс – күннің қатты ысыған кезі, сағат бір шамасы.

4. Күн еңкейген кездегі мезгіл атаулары:

Ұлы бесін – бесін намазын оқитын кез, түс ауған шақ.
Кіші бесін – ұлы бесін мен намаздыгер арасындағы мезгіл.
Құлама бесін – күн еңкейген кез.
Екінті  – түс ауып, күн  батуға жақындаған мезгіл, бесін мен ақшам арасы.
Намаздыгер – күн еңкейіп ұясына кіруге таяған кез.

5. Күн ұясына бата бастаған кездегі мезгіл атауларын халық арасында "ақшам, ымырт" деп атаған. Толығырақ тоқталайық:

Алакеуім – күн алакөлеңке, ұясына бата бастаған мезгіл.
Геуім, кеуім – қараңғы түсе бастаған кез, ымырт.
Намазшам – кешкі намаз оқылатын кез.
Кеш – ымырт жабылып, қас қарайған кез.

6. Түн мезгілінің атауларын да есте сақтап, күнделікті сөздік қолданыңызға енгізіңіз.

Түн – тәуліктің кештен таңертеңгі уақытқа дейінгі аралығы.
Іңір – күн батып, қас қарайған мезгіл.
Қызыл іңір – қас қарайып, түн болған кез.
Жарым түн – түннің ортасы.
 

Талқылау