Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев, Мәсімов пен Ахметов: Тәуелсіз Қазақстанда кімдер премьер-министр болды

5 ақпанда мемлекет басшысы Қазақстан үкіметін таратты. Премьер-министр міндетін уақытша Роман Скляр атқарып отыр. Ал 6 ақпанда мәжілістің пленарлық отырысында жаңа премьер-министрдің кандидатурасы ұсынылады. Әзірге кандидаттар қатарында Amanat партиясынан Олжас Бектенов қана бар. Stan.kz тілшісі Тәуелсіз Қазақстанда премьер-министр қызметін атқарған тұлғалардың тізімін дайындады. Қатарында бұл қызметке бірнеше рет тағайындалған, бүгінде президент болған, сотталған және шетелге көшкендері де бар. 

Экс премьер-министрлер

1991 жылғы 16 желтоқсаннан бастап 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасының үкіметін Сергей Терещенко басқарған. Ол – Тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы премьер-министр. "Тәуелсіздік туралы 100 оқиға" электронды кітабында Сергей Терещенко ұсынысты қабылдаған кезде сол кездің барлық талабы мен сын-қатеріне төтеп бере алатынына күмәнданғаны айтылады. Кеңес Одағы ыдырау алдында тұрды, бюджетте ақша тапшы. Қазақстан экономикалық апат жағдайында тәуелсіз мемлекет болып, барлық экономикалық мәселе министрлер кабинетіне түскен еді.

Саяси мансабын аяқтаған соң ол бизнеске кірісті. Сергей Терещенко 2012 жылдан бастап Forbes Kazakhstan журналының нұсқасы бойынша жыл сайын Қазақстандағы ең ықпалды 50 бизнесменнің тізіміне еніп келген. 2023 жылы ол 72 жасында қайтыс болды.

Фото: time.kzФото: time.kz

Кейін 1994 жылдан 1997 жылға дейін үкіметті Әкежан Қажыгелдин басқарды. Ол 1997 жылы денсаулығына байланысты отставкаға кеткен. Уикипедиядағы ақпаратқа сенсек, көпшілік оның кетуін Қазақстандағы авторитаризмге қарсы әрекеті деп қабылдады. Ол сол кездегі президент Назарбаевты авторитаризм, непотизм және адам құқықтарының бұзылуына немқұрайлы болды деп айыптаған еді. Ал 1998 жылы президенттің штаттан тыс кеңесшісі, ҚР президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы және Қазақстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының президенті лауазымдарын атқарған. Осы жылы Әкежан Қажыгелдин президенттікке кандидат болды. 

1999 жылы Қазақстаннан көшіп кеткен. Ашық деректерге сенсек, оны "қылмыскер" деп сырттай соттаған. Қазір Англияда тұратыны айтылады.

Фото: centralasia.mediaФото: centralasia.media

Қазақстанның үшінші премьер-министрі Нұрлан Балғымбаев болды. Ол үкіметті 1999 жылға дейін басқарды. Қызметінен кеткен соң ол еліміздегі мұнай және газ өнеркәсіптерінде президент, кеңесші қызметтерін атқарған. Нұрлан Балғымбаев 2015 жылы 68 жасында дүниеден өтті.

Фото: wikipedia.orgФото: wikipedia.org

Еліміздің төртінші премьер-министрі қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев болған. Бұл қызметті ол 1999-2002 жылдар аралығында 3 жыл атқарды. Деректерде Тоқаев премьер болған кезде экономиканың жылдық өсімі 10%-дан көп болған деседі. 2002 жылы отставкаға кетіп, сыртқы істер министрі қызметіне тағайындалған.

Фото: akorda.kz

Фото: akorda.kz

Тоқаевтан кейін премьер-министр қызметіне Иманғали Тасмағамбетов тағайындалған. Ол тарихтағы ең аз уақыт қызмет атқарған премьер-министр болып саналады. Үкіметті 2002-2003 жылдары басқарды. Иманғали Тасмағамбетов әр жылдары Астана және Алматы қалаларының әкімі, қорғаныс министрі, Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметтерін атқарды. Ал 2022 жылдан бері ҰҚШҰ бас хатшысы лауазымында. 

Фото: odkb-csto.org

Тасмағамбетовтен соң премьер-министр қызметіне Даниал Ахметов тағайындалған. Ол үкіметті төрт жыл, 2003-2007 жылдар аралығында басқарды. Кейін қорғаныс министрі болды. Біраз жыл саясатта көрінбей, тек 2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ол зейнет жасындағы азамат болғанына қарамастан облыс әкімі қызметінде жалпы 9 жыл отырды. Тек 2023 жылы президенттің қаулысымен қызметінен босатылды. Қазір ол жеңіл атлетика федерациясының президенті қызметінде.

Фото: gov.kzФото: gov.kz

Қазақстанның жетінші премьер-министрі Кәрім Мәсімов – Қазақстан тарихында екі рет премьер-министр болған әрі бұл қызметте ең ұзақ отырған адам. Ол бұл қызметін 2007-2012 және 2014-2016 жылдары атқарды. Премьерліктен кеткен соң Мәсімов үлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болды. Бірақ 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, 2023 жылы сот Мәсімовке үкім шығарды. Бұрынғы премьер-министр 18 жыл бас бостандығынан айырылған.

Фото: primeminister.kz

Фото: primeminister.kz

Мәсімовтен кейін Қазақстан үкіметін Серік Ахметов басқарды. Ол 2012 жылдан бастап екі жыл премьер-министр болды. Кейін 2014 жылы премьерліктен кетіп, қорғаныс министрі болған. Алайда Серік Ахметов те 10 жылға сотталған. 2015 жылы оған жемқорлық жасады деген айып тағылды. Кейін 2017 жылы "бас бостандығынан айыру жазасы шектеу жазасына ауысуына байланысты" қамаудан босатылды.

Фото: primeminister.kz

Фото: primeminister.kz

Серік Ахметовтен кейін Кәрім Мәсімов қызметке қайта келді. Ал одан кейінгі 2016-2019 жылдары еліміздің премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев болды. Сағынтаев кейін мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігінің басшысы және Алматы әкімі қызметтерін атқарды. Ал 2024 жылы ақпаннан бастап ол Еуразиялық экономикалық комиссияның басшысы екені расталды.

Фото: primeminister.kzФото: primeminister.kz

Тәуелсіз Қазақстанның оныншы премьер-министрі Асқар Мамин 2019 жылдан 2022 жылға дейін қызмет етті. Мамин 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде президент қаулысымен қызметінен кетті. Бүгінде БАҚ беттерінен оның шетелдегі іс-шараларда жүргенін көруге болады. 

Фото: primeminister.kzФото: primeminister.kz

2022 жылы қаңтарда премьер-министр болған Әлихан Смайылов екі жыл үкіметті басқарып, кеше, 5 ақпанда қызметінен босады. Ол өзінің отставкасы туралы да пікір білдірді. Әр жылдары статистика агенттігінің төрағасы, президент көмекшісі, қаржы министрі және т.б қызметтер атқарған.

Фото: primeminister.kzФото: primeminister.kz

Тәуелсіз қазақстанның 12-премьері бүгін, 6 ақпанда тағайындалмақ. Екі жыл бойы премьер-министр болған Әлихан Смайылов орнын босатып, оның қызметін уақытша Роман Скляр атқарады. 

Ал бүгін, 6 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс отырысына қатысып, жаңа үкімет басшысын тағайындайтыны белгілі болды. Қоғам арасында жаңа премьер кім болатыны туралы қызу талқы жүріп жатыр.

Талқылау