Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан «Алматы» арнасының қызметкерінің отбасына пәтер берілді

Тәртіпсіздік салдарынан қаза тапқан "Алматы" телеарнасы қызметкерінің отбасына материалдық көмек көрсетіліп, үш бөлмелі пәтер беріледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің баспасөз қызметі Алматы әкімі лаңкестердің шабуылына ұшырап, тәртіпсіздіктерден зардап шеккен арналардың редакцияларында болғанын хабарлады. Ол қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан арнаның жүргізушісі Мұратхан Базарбаевтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Оның отбасына қаржылай көмек көрсетіліп, үш бөлмелі пәтер бөлінеді.

Одан бөлек, оператор Диаскен Бәйтібаев тәртіпсіздік кезінде жарақат алды. Олар жолдастарын эвакуациялауға көмектескен тағы бір оператор Арсен Сандыбаевқа алғыстарын білдірді. Оларға да қаржылай көмек көрсетіледі.

Оқиға кезінде қарақшы топтардың қолынан зардап шеккен "Қазақстан", "Хабар", "Мир", "Бірінші арна Еуразия" арналарының кеңселеріне келтірілген шығын есептелді. Техникалық тексеруден кейін қалпына келтіру мүмкіндігінше тез басталады.

Еске салайық, 6 қаңтар күні кешке "Алматы" телеарнасының жүргізушісі Мұратхан Базарбаев қайтыс болды. Арнайы техника операторы Диаскен Байтібаев жараланып, екі саусағынан айырылды. "Алматы" телеарнасының директоры Нұржан Жалауқызы сол кезде алаңның тазартылғаны хабарланғандықтан, қызметкерлер Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежімен бірге түсірілімге жіберілгенін айтты.

Талқылау