Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тәрбиесіз, көшеде жүрген баланың ісі": Мемлекет қайраткері Амалбек Тшанов атышулы Қуандық Бишімбаев туралы айтты

Қуандық Бишімбаевтың ісі әлі күнге дейін қоғамның қызу талқысында. Экс-министр туралы жантүршігерлік жаңалықты естіген мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов оның мұндай қадамға баруына қатысты өз болжамын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 


Тәуелсіз Қазақстан тарихында министр, депутат әрі бірнеше рет әкім қызметін атқарған Амалбек Тшанов атышулы Қуандық Бишімбаевты жастайынан таниды екен. 

"Ол баланы жақсы білемін, әкесін де жақсы танимын. Мен облыста әкім болғанда, әкесі сол жерде университеттің ректоры болды. Қуандық оқуын бітіріп келген кезде де мен депутат едім. Оны біз талай комитеттерде қолдап, "әлі жас екен, осы үйренсін" деп көмектескенбіз. Егер әйеліне қатысты оқиға рас болса, "тәрбие көрген, ректордың баласы" деп айтатындай тірлік емес. Шынын айтқанда, тәрбиесіз, көшеде жүрген баланың ісі сияқты. Әлбетте, осындай жастардың мұндай әрекеттерге баруы өкінішті-ақ. Ешқандай негіз жоқ, өте ыңғайсыз жағдай. Бірақ оның алдында да ол жігіт түрмеге отырды ғой. 10 жылға ма сотталып, 2 жылда шығып кетті ғой. Оны түрмеден ертерек шығарып алғанның өзі де теріс әсер етті ме деп ойлаймын. Ешқандай жаза қолданбайтынына сенімді болды ма, кез келген жазадан құтылып кететініне сенімді болды ма, сондай жаман әдет қалыптасты ма деп ойлаймын. Әп-әдемі, жап-жақсы жас жігіт тек өмір сүріп, елге қызмет қылуы керек қой. Әйелді қалай кінәлауға болады? Ұнамаса ажыраса салады, болды. Қазір ешкім ешкімді байлап тұрған жоқ. Қазір екінің бірі ажырасып жатыр ғой. Естігенде шок болдым. Өзің жас кезінен білетін адамның сондай жағдайға түскені өте ауыр, әлбетте", – дейді мемлекет қайраткері. 

Амалбек Тшанов кезінде Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған жылдары бірнеше мемлекеттік лауазымда болған еді. Ол кейінгі жылдары біздің елде биліктен кеткен экс-президенттің әр жерде орнатылған ескерткіштерін алып тастау үрдісі белең алуына қатысты пікір білдірді.      

"Егер халық наразы болып жатса, оның себебі бар. Оның бірінші ескерткішін Талдықорғанда халық сүйретіп, алып тастады ғой. Соншалықты наразылықтың бәрі қайдан шықты, егер бәрі жақсы болса..? Қазір Назарбаев туралы неше түрліні айтып жатыр. 30 жыл ел басқарып, аспанға ұшып жүрген Назарбаев қазір кім болып отыр? Жұрттың бәрі "Шал, кет" деп айғайлап, масқара қылып, біресе Астананың атауын өзгертіп, алып тастап жатыр. Ары қарай не болады, мен білмеймін. Сондықтан адам ертеңгі күнін ойлауы керек", – дейді Амалбек Тшанов. 

Мемлекет қайраткерінің айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың билік еткен жылдардағы жіберген қатесі Қазақстанның қазіргі президентіне сабақ болуға тиіс.Тіпті Тшановтың мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қояр жалғыз ғана сауалы бар. 

"Мен бір-ақ нәрсеге жауап іздеп, таба алмай жүрмін. Осындай әлемдегі ең бай елдің халқы неге бейшара? Осы сұраққа кім жауап береді? Әлбетте, президент жауап беруі керек. Бастаған нәрсені аяқтауы керек. Мысалы, жемқорлармен күресеміз деді ме, бәрін ашып тастаңыз. Халық сізді сонда жақсы көреді. Егер бастаған істі аяғына дейін жеткізбесе, халық басқаша ойлауы мүмкін, өсек көп қой. Істеген істің бәрі жақсы басталады да, ешқандай аяқталмайды. Жауапкершілікті алу керек. Президент болу деген бақыт миллиондаған адамның біреуіне ғана келетін дүние ғой", – дейді мемлекет қайраткері.

Амалбек Тшанов бұл сұхбатында көпшілікке беймәлім отбасы туралы сырын ақтарып, ұлының қазасы жайлы мұңын шақты. Сондай-ақ 80 жастан асса да спортты жанына серік еткен ел ағасы жігіттерді бір соққымен қалай талдыратынын да көпшілікке көрсетті.

Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау