Таразда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылаулар өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы жолдауында Қазақстанда атом электр станцияларын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өткізуге бастамашы болғанын мәлімдеді. Мұны Таразда облыстағы "Ақсақалдар кеңесінің" бастамасымен көпшілік талқылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Techinsider.ru
Барлық ниет білдірушілерді қатысуға шақыра отырып, тиісті хабарландыруды Жамбыл облысының әкімдігі әкімдіктің ресми сайтында және Facebook парақшасында орналастырды.
“Жария талқылауға өңір тұрғындары, жергілікті қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің мүшелері, энергетика министрлігінің, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, "Ядролық физика институты" РМК, облыстық және қалалық мәслихаттар, ҮЕҰ, шағын, орта және ірі бизнес, БАҚ өкілдері, жергілікті белсенділер, энергетиктер, жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылары мен ғалымдары, саяси партиялар мен этномәдени бірлестіктер филиалдарының басшылары және тағы басқалары қатысты”, – деді Тараз әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, спикерлер ретінде энергетика министрлігі, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, "Ядролық физика институты" РМК таныстырылған.
Спикерлер өз сөзінде қазір Қазақстанның энергетика секторындағы басым бағыттардың бірі атом энергетикасын дамыту екенін атап өтті.
“Қазақстанда АЭС салу ел экономикасын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, энергетикалық және өнеркәсіптік өндірісті әртараптандыруға, ғылымды дамытуға және заманауи технологияларды енгізуге, қоршаған ортаға зиян заттар шығарындыларын азайту есебінен экологиялық жүктемені төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын құруға және атом саласының кадрлық әлеуетін дамытуға және т.б. мүмкіндік береді. Сонымен қатар елде шикізат және өндірістік ресурстар атом энергетикасын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайтыны атап өтілді”, – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев елімізде АЭС салу бойынша референдум осы жылдың соңында өтуі мүмкін екенін жазған едік. Оның айтуынша, билік бұл мәселені референдумда тектен-тек көтергелі отырған жоқ. Өйткені Қазақстанда атом энергетикасына қатысты бірқатар қорқыныш бар.