Танымал блогерлер қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін жазалана ма: Бас прокурор жауап берді
Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қазақстандық блогерлердің қаржылық пирамидалардың қызметі мен жарнамалануына қатысты сауалға жауап берді. Бұл туралы бас прокурордың жауабы мәжіліс сайтында жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
2021 жылдың сəуір-мамыр айларында Алматы қаласының полиция департаментіне қаржы пирамидасын құру жəне басқару ("Astex.kz" ЖШС, "ACD technology" ЖШС жəне "Мудараба" ЖШС) фактісі бойынша ондаған тұрғыннан арыздар келіп түскен.
Осы орайда Нұрдәулетов аталмыш қаржы ұйымдарының жарнамасына қатысушыларды əкімшілік тəртіппен жазалауға қатысты қандай шаралар қабылданғанын айтып берді.
"Шынында да, қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар өз қызметін жарнамалау үшін атақты адамдарды тартқан. Формальды түрде олардың əрекеттерінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 150-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамида қызметін жарнамалау) бойынша əкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы байқалады.
Алайда қылмыстық іс бойынша үкім шығарылғанға дейін Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша ұйымның қаржы пирамидасы болып табылатынын немесе табылмайтынын анықтау мүмкін емес. Осыған байланысты, жарнамалау кезінде жоғарыда аталған ұйымдар қаржы пирамидалары болып танылмаған, сондықтан медиа тұлғаларды əкімшілік жауапкершілікке тарту үшін құқықтық негіздер жоқ", – дейді Нұрдәулетов.
Бас прокурордың айтуынша, блогерлер мен вайнерлердің қаржы пирамидасын құруға қатысы бар екені анықталған жағдайда оларға қандай жауапкершілік қарастырылғанын да айтты.
"Тергеу барысында блогерлердің, вайнерлердің жəне басқа да атақты адамдардың қаржы пирамидасын құруға қатысы бар екендігі анықталған жағдайда қылмыстық қудалау органдары олардың əрекеттеріне тиісті құқықтық баға беруге жəне пирамиданы құруға болысқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту арқылы мəселені шешуге бағдарланған", – дейді ол.
Сонымен қатар бас прокурор Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша тиімді шаралар əзірлеу үшін құрамында Бас прокуратура, ІІМ, Қаржы министрлігі, АҚДМ, Ұлттық Банк өкілдері бар ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанын мәлімдеді.
"Сондай-ақ жеке тұлғалардың қаржы ұйымдарын жарнамалауға заңнамалық тыйым салуды енгізудің орындылығы зерделенуде", – дейді Ғизат Нұрдәулетов.