Талғардағы қайғылы жағдай: Үйді өртеу ісі бойынша барлық айғақтар алынып, қажет сараптамалар жасалды
Ішкі министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы үйді өртеу фактісі бойынша тергеу барысы туралы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Бауыржан Аленовтың айтуынша, қылмыс жасалған сәттен бастап, яғни 4 қазаннан бері Талғар ауданында министрдің бірінші орынбасары бастаған ІІМ орталық аппараты қызметкерлерінен құралған жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.
"Жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыс жасалған жерді мұқият тексеріп жатыр. Бейнебақылау камераларынан жазбалар қаралып жатыр. Аулалар мен есепте тұрған тұлғалар тексерілуде. Отбасының тұрғылықты жерін полиция қызметкерлері патрульдеп тұр. Оқиға болған кезде өрт болған үйде ешкім тұрып жатқан жоқ еді. Жанұя қазіргі кезде басқа мекенжайда тұрып жатыр. Қылмыскерлер ұсталып, міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар жалған ақпарат таратпауға шақырамын", – деді Бауыржан Аленов.
Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.
"Тергеу барысы туралы бас прокурорға есеп беремін. Бүгінде арнайы прокурорлар үйді өртеу фактісін тергеп жатыр. Оқиға орнынан барлық айғақ алынып, олар бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Біз сараптама нәтижелерін күтудеміз, одан кейін қосымша ақпарат беріледі. Бүгінде осы іс бойынша жалған ақпарат көп таратылып жатыр. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескерткім келеді", – деді Алматы облысының прокуроры Берік Адамов.
Еске салайық, бұған дейін 12 қазанда Алматы облысы, Талғар қаласында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы жасөспірімнің үйі сенбіге қараған түні өртеніп кеткені хабарланған еді. Ішкі істер министрінің орынбасары Талғардағы Шерзат Болаттың өртенген үйіне барды.