“Талай қыз-жігіттерді нокаутқа жібердім”: Айшолпан Тілеутай айтыстан бөлек бокстан спорт шебері
Жас айтыскер Айшолпан Тілеутай бокстан спорт шебері. Бұны айтыскердің өзі мойындады. Рэп әуенімен айтысып, көрерменін қызықтырып үлгерген айтыскердің көпшілік біле бермейтін қырлары көп.
Бұл туралы "Қайырлы таң" бағдарламасында айтылды.
Айшолпан Тілеутай Семей өңірінің тумасы. Аягөзден шыққан сұлу аз ғана уақыт ішінде көпке танылып, көрерменнің көңілінен шықты. Шоу айтыста топ жарып, хит айтыс жасады. Айшолпан оқушы күнінен айтысып келеді. Көгілдір экранға шыққан соң танымалдығы артып, көрерменін еліктіріп әкетті.
Өзін Ринат Зайытовтың шәкіртімін деп таныстырған қыз өнері мен өзі жайлы айтты.
"Мен Балғынбек аға ұйымдастырған шоу-айтысқа қатысып таныла бастадым. Алла бармақтай бақ берген шығар. Бір әнім тез тарап, содан тыңдарманым арта түсті. Жастарды айтысқа осылайша қызықтыру керек. "Енді не істейміз?" деп айтысамын деп, барлық желіде танымал болдым. Айтысты шоу жасап, рэп оқып айтса, жастар да қызығады. Айтыста көнерген көз, құнды көздер көп. Оның бәрін жастарға жеткізе айту мүмкін емес", - деді Айшолпан.
Жас айтыскер бала күнінен ер бала секілді өскен. Өзі де ер мінезді. Жастайынан спортқа қызыққан. Бокста спорт шебері атанған.
"Мен отбасыммен Аягөзге көшіп келгенде көршімнің көзіне түсіппін. Көршім бокс бапкері екен. Мені сыртымнан бақылап жүріп, боксқа шақырды. Менің жүктерді жалғыз өзім үшінші қабатқа көтеріп тастағанымды көріпті. Далада футбол ойнағанымды көріпті. Солай боксқа бардым. Қарсыластарымды нокаутқа жібердім. Оның ішінде жігіттер де бар. Оның бәрін айтпай-ақ қояйын. Бокстан спорт шебері атандым", - деді айтыскер.
Жас айтыскер бокстан алған соққылар айтыстан алған соққыдан ауыр емес деп мойындады. Себебі дене ірі болғанымен, жүрегі нәзік.
"Кез келген өнер адамының жүрегі нәзік келеді. Олар бәрін жүрекпен қабылдайды. Ауыр сөзді көтере алмайды. Бокс айтысқа қарағанда жеңіл. Алған жарақатың жазылып кетеді. Ал айтыста қарсыластың бір сөзі жүректен өшпей қалуы мүмкін. Мен көп сөзге мән бермеуге тырысамын. Бірақ жүрекке жақын қабылдаймын. Өзім туралы айтқандардың сөзіне мән бермеймін. Елдің пікіріне құлақ аспаймын. Менің өз ұстанымым бар, ұстазымның үйреткен ақыл-кеңесімен жүремін. Ұстазымды ғана тыңдаймын", - деді жас айтыскер.