“Тағы бір Бишімбаев”: Желіде көпқабатты тұрғын үй алдында әйелді аяусыз ұрған тараздық ер адамның видеосы тарады
Желіде Таразда әйелді аяусыз ұрған ер адамның видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “jambylinfo.kz.” парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото желі кадрларынан
Оқырманның айтуынша, оқиға 18 мамыр күні, түнгі уақытта “Ұлы дала” шағын ауданында орын алған.
Видеодан ер адамның әйелді шашынан тартып, сүйрелеп, аяусыз ұрып, аяқпен теуіп жатқанын көруге болады.
Ал оқиға куәгері әйелді ұрып жатқан ер адамға ескерту жасаған. Алайда ол оның сөзіне құлақ аспай, артынша көлігіне мініп қашып кеткен.
“Бишімбаев Таразға да жеткен бе?”, “Тағы бір Бишімбаев”, “Әйелді ұрғандарды құдай ұрсын”, “Видеоға түсіргенше көмектеспей ме?”, “Қорқақ еркектер әлсіздерді ұрады”,- деді желі қолданушылары.
Stan.kz тілшісі жергілікті полициядан мән-жайды сұрады.
“Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөлігі “Бұзақылық” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды, бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіліп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр”, – деп мәлімдеді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.