Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында дәрігерлер жүкті келіншек пен оның нәрестесін ажалдан аман алып қалды

Түркістан облысында дәрігерлер босануға айы, күні жақын қалған, соқырішегі жарылып кеткен 29 жастағы келіншек пен сәбиін құтқарып қалды.

Аудандық перзентханаға жедел жәрдеммен әрең келген ананы ақ халаттылар шұғыл ота жасап, кейін тікұшақпен Шымкентке жеткізген. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жансая Дүйсенова осы күні облыстық клиникалық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Дәрігерлер оның тағы да бала сүюге мүмкіндігі бар екенін айтады. Өйткені ота жасағанда келіншектің жатырына тимепті. Мұндай жағдай, сирек кездеседі дейді ақ халаттылар. Өйткені, өлім мен өмір арасында жатқан отанасы аяқтан тұрып кетуге іштей күрескен. Енді алғыстан басқа айтары жоқ.

“Өзім де айтолғақ шығар деп күшейген кезде де жата бердім. Кейінен құса бастағанымда күйеуім скорый шақырды, осындай ауыр жағдай екен. Врачтарға рахмет, алғысым шексіз бәріне. Алладан қайтсын бәрі” – дейді жас ана Жансая Дүйсенова.

Шағалалы Шардараға келін болып түскен келіншектің бұл екінші перзенті. Жүктілігіне 38апта толғанда, аяқ астынан ауыр халде аудандық ауруханаға түскен. Дәрігерлер науқастың өн бойын тексеріп, іштегі соқыр ішектің жарылып кеткенін сезген. Сөйтіп, шұғыл түрде ота жасапты. Алдымен, соқыр ішекті, кейінен баланы алдық дейді. Одан кейін, облыс орталығынан “сан авиация” шақыртуға тура келген. Тікұшақпен Шымкентке жеткізілген анаға тағы екі рет ота жасалыпты.

“Біз операцияға қайта алғанда ішінде ірің болды. Іріңнің бәрін қайта тазаладық, баланы алған жатырды қайта тексердік. Сондықтан біз жатырға ота жасамадық. Ірің болған соң, ішекте дұрыс жұмыс істемейді. Ішектің барлығы үрленіп кеткен. Ішектің ішіне зонт орнаттық, ішін тазалап жудық. Түтікше қойдық, науқастың отасын бітіріп, қайта жансақтау бөлімшесіне ауыстырдық” – дейді облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Елдос Сұлтанов.

Бес күн аурухананың жансақтау бөлімшесінде жатқан жас ана дәрігерлердің бақылауында болған. Күндіз түні ем-дом жасалып, осы күні беті бері қарады, дейді мамандар. Ал, нәрестенің денсаулығы жақсы болғандықтан, Шардарадағы перзентханада екен.
“Біз Жансаяға аурудың асқынып кету қаупі бар екенін түсіндіріп, айттық. Бірақ, барынша дәрігерлік көмек көрсетілетінін жеткіздік. Оны науқас түсіністікпен қабылдады, сөйтіп, аяқтан тұрып кетуге ұмтылды. Нәтижесінде, нәрестенің анасы сырқатынан сауығып келеді. Ол алдағы уақытта қайта бала сүю мүмкіндігін жоғалтқан жоқ” – дейді облыстық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Вячеслав Цой.

29 жастағы келіншектің жағдайы жақсы дейді дәрігерлер. Бүгін оны жансақтау бөлімшесінен жалпы палатаға ауыстырмақшы. Ал, алдағы 4-5 күнде үйіне жіберуді көздеп отыр.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау