Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ересектер балаларға бас-көз болуы керек еді": Субұрқаққа жауапты ұйым зардап шеккендердің өздерін кінәлады

Алматыдағы субұрқақтардың жұмысына жауапты ұйым қалада орын алған келеңсіз жағдайға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Eco Almaty ұйымының жетекшісі Жанна Асанова субұрқақтың 1972 жылы салынғанын айтты. Оның сөзінше, әрбір субұрқақта қызметкерлер мен олардың бригадирі күнде кезек-кезек тексеру жүргізеді. Бұған қоса, суға түсуге болмайды деген тақтайша да орнатылған. Ал 2021 жылы 16 маусымда мұндай ақпарат әлеуметтік желіде таралған. 

"Қаладағы 46 субұрқақтың жұмысына жауапты ұйымның басшысы және үш баланың анасы ретінде кешегі сұмдық оқиға жайлы пікір білдіргім келеді. Біз бүкіл қызметкерлерімізбен бірге зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін Құдайдан тілеудеміз", – деп жазады ол. 

Сөзінше, электрсорғыштарын дайындаған зауыттың өзі де құрылғының 100% электр өткізбейтініне сенімді болмайды. 

"Субұрқақтағы су ағып кетпейді, сондықтан оның балаларға қауіпті болары сөзсіз. Өйткені мұнда үй жануарлары немесе кеміргіштер шомылуы мүмкін. Сонымен қатар жазда субұрқақтарға қанғыбастар да түседі", – дейді ұйым жетекшісі. 

Оның айтуынша, жергілікті әкімдік өкілдері мен полицейлер профилактикалық әңгіме жүргізеді. Алайда бұл суға түсу қауіпті дегенді білдірмейді дейді ол. 

Ұйым басшысы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. 

"Тоқ соққан қыздың бірінің айтуынша, құрбысы екеуі субұрқақ маңында ойнап жүрген. Бір кезде екінші қыз суға түспекші болып, субұрқақтың ортасына қарай жүрген. Кенет ол темірді ұстап, суға ессіз құлайды. Жеткіншекті құтқармақшы болған оның анасы да талып қалады. Оларға көмектеспекші болған қызды да тоқ ұрған, бірақ артынша есін жиған", – дейді Жанна Асанова. 

Белгілі болғандай, қыз бала субұрқақтың айналып тұрған темірді ұстап алған. Субұрқақта тоққа түскендерді сол маңдағы куәгерлердің бірі судан шығарып алыпты. 

Бұған қоса, мердігер ұйым өкілі ересектер балаларға бас-көз болмағанын алға тартады.

"Желі қолданушылары субұрқақта электр қауіпсіздігі сақталмағанын жарыса айтып жатыр. Егер тоқөткізгіштер істен шыққан болса, қыз бала суды басып, субұрқақтың ортасына дейін бара алар ма еді?", – дейді ол. 

Сөзінше, болған оқиғаға ескертуді елемеген адамдардың өздері кінәлі. 

"Біздің қоғам ережелер мен шектеулерге мән бермейді. Оның арты қайғылы жағдайға әкеп соғады. Кеше болған оқиға осындай жайттардың бір мысалы. Барлығымыз да бұдан сабақ алуымыз керек", – деді ұйым жетекшісі. 

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда субұрқақта үш адамның тоққа түскені айтылған еді. Бұл жағдай туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пікір білдірді. 

Талқылау