Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұғалімдердің айлығы қалай болмақ": Үйлері су астына кеткен ақтөбеліктер жаңа мектептің салынбайтынына наразы

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Нұра ауылының тұрғындары Stan.kz редакциясының WhatsApp желісіне облыс әкімдігінен үйлерінің құрылысымен бірге мектеп ғимаратының құрылысын бастауын талап етіп, арыз-шағымын жолдады. Жергілікті халық балаларға және мұғалімдердің жұмыссыз қалып қоятынына алаңдаулы. 

Фото: Ырғыз ауданы әкімдігі

Тұрғындар жаңа баспанамен бірге мектеп ғимаратының да бой көтергенін қалайды. Жергілікті халықтың арасында ұстаздық қызметтегі жандар да бар. Олар жұмыссыз, балалар оқу бағдарламасынан қалып қоя ма қорқады.

“Нұра ауданы түгел суға кетті. Халық бірауыздан жаңа үйді Сарыоба деген жерге салуға қарсы емес. Мал жайылымына қолайлы жер. Торғай өзенінің тасымайтынына кепілдік жоқ. Бұрынғы Нұра ауылын сақтап қалғымыз келеді. Жаңа үйді бастаған кезде мектеп құрылысының да бірге бастағанын қалаймыз. Арамызда қанша мұғалім мен оқушылар бар. Қазір халыққа керегі жаңа баспана мен мектеп. Нұра ауылына жаңа үй салып беретін жерге мектеп салынбайды деп жатыр. Жұмыс істейтін қанша мұғалімдер, кіші қызметкерлер мен оқитын оқушылар бар. Бір жыл мектеп салынбаса, мұғалімдердің айлығы қалай болады”, –деп жазылған арыз-шағымда.

Тілшіміз осы мәселе туралы әкімдіктен сұрап көрді. Алайда Ырғыз ауданы әкімдігі халық сұраған мектеп ғимаратын салып үлгермейтінін мәлімдеді.

“Мектеп биыл салынбауы мүмкін. Өйткені 1 қыркүйекке дейін уақыт тым аз. Сондықтан балалар аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқиды деген болжам бар”, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қазір облыстық құрылыс басқармасы жаңа үйлер салынатын Сарыоба ауылын жан-жақты зерттеп жатыр. 

“Су тасқыны кезінде Нұра ауылын су басты. Бүгінде ауыл тұрғындары Ырғыз ауылындағы эвакуациялық орталықтарға орналасқан. Ауыл тұрғындарымен аудан әкімдігі ақылдаса отырып, тұрғын үйлерді Нұра ауылында емес, Сарыоба деген жерде салуға келісті. Қазір облыстық құрылыс басқармасы өзге де салалық мамандармен Сарыобаны жан-жақтан қарап, зерделейді. Мамандардың тиісті қорытындысы алынғаннан кейін тұрғын үй құрылыс жұмыстары басталады. Тұрғын үй құрылысына жауапты мердігерлермен де жұмыстар істеліп жатыр.  Тұрғындар тұрғын үй құрылысымен қатар мектеп құрылысы қатар салынса деген өтініштерін айтып жатыр. Мектеп құрылысын салу жөнінде әлі де облыс әкімдігімен келісу жүргізіліп жатыр”, – делінген әкімдіктің жауабында.

Талқылау