Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сот отырысында бақылау жоғалып, "ток-шоуға" айналып кетті": Адвокат Жохар Өтебеков Бишімбаевтың сотын сынға алды

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі қазақ сот жүйесінің тарихындағы ең резонанс тудырған қоғамдық істердің біріне айналды. Жоғарғы сот өкілдерінің мәліметінше, сот отырыстарындағы трансляциялардың жалпы қаралымы 20 миллионнан асады. Сот процесін тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, БАӘ, Түркия, Оңтүстік Корея, Ресей, Грузия, Молдова, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан да бақылап жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Forbes Q&A басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Белгілі заңгер Жохар Өтебеков әлеуметтік желілерде бұл процеске белсенді түрде түсініктеме беріп жүр.

"Мені мұның соңы қалай аяқталатыны енді қызықтырмайды. Бастысы бұл оқиға елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайына әсер ете алды. Ең сорақысы, біздің әділ сотымыз өзін жаман жағынан көрсетті. Кәсіби маман ретінде бұл мені алаңдатады", — деді Өтебеков.

Адвокат айыптаушы тарап пен судьяның жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Олар "процеске бақылауды жоғалтып, сотты "ток-шоуға" айналдыруға мүмкіндік беріп отыр. Маңызды сәттерді күтіп, тыңдаудың орнынан тараптардың сөзін орынсыз ескертулермен тыйып тастайды. Сонымен қатар Өтебеков бұл атышулы істің тым саясиландырылғанын айтты. Мұны адвокат объективті құқықтық баға беруге кедергі келтіреді дейді. 

Адвокаттың сөзінше, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот процесі өте жылдам өтіп жатыр. Бұл Қазақстандағы сот тәжірибесіне тән емес деп санайды. 

"Әдетте мұндай соттар 2-3 айға созылады. Сондықтан Бишімбаевты тез соттайды деп айта аламыз. Әңгімені сот процесінің аптасына төрт күн, толық уақыт режимінде көрсетілуінен бастайық. Іс жүзінде бұлай болмауы керек. Неліктен бұлай болды? Себебі адвокаттар шағымдана бастайды. Олардың басқа жұмысы бар екенін айтады. Әрине барлық тарапқа тактиканы әзірлеуге және маңызды бөлшектерді мұқият зерделеуге уақыт қажет", – деді Өтебеков.

Десе де, адвокат бұл процестің созылып кетуіне қатысты халықтың пікіріне келісетінін жеткізді. 

"Судья (Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы – Айжан Көлбаева) тараптардың дау-дамайға, алауыздыққа, жанжалға түсуіне жол беріп отыр. Сондықтан сот процесі созылып кетті. Тараптар Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыпқа еш қатысы жоқ нәрселерді талқылап жатыр. Судья бітпейтін пікірлерді тоқтатуы керек", – деді Өтебеков.

Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың туысы Байжанов көмек сұрап қоңырау шалған дәрігер сотта куәгер болғаны туралы жазған едік. 

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау