Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот Бақытгүл Хаменованың аппеляциялық шағымын қанағаттандырмады, бірақ Рысқалиев пен Адамовтың жаза мерзімі азайды

Апелляциялық алқа пара алғаны үшін сотталған Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

2022 жылдың қарашасында Атырау қаласының №2 соты Бақытгүл Хаменованы "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовтан 4,5 миллион теңге пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырған болатын.  Сонымен қатар сот Ақылбек Рысқалиевті жеті жылға, Өміртай Адамовты төрт жылға бас бостандығынан айырды.

Осыған байланысты Хаменова мен осы іс бойынша сотталғандар бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою туралы апелляциялық шағым түсірген.

Сотталғандардың шағымдары негізінде апелляциялық алқа Рысқалиев пен Адамовқа қатысты үкімді өзгертіп, Хаменоваға қатысты үкімде негіз болмағандықтан, оны өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылдады.

Рысқалиев Хаменованың қарамағындағы қызметкер бола отырып,  пара алуға үлес қосқан. Бұл ретте пара соммасының бәрін Хаменова өзі алған. Рысқалиевтің әрекеті пара алуға қатысы бар деген бапқа өзгертілді. Оның айғақтары басқа сыбайластарын әшкерелегенін ескере отырып, апелляциялық шағым Рысқалиевтің жазасын 7 жылдан екі жылға дейін қысқартты.

Ал Өміртай Адамовқа қатысты, жауапкершілікті айтарлықтай жеңілдететін ерекше мән-жайлар болғандықтан жаза мерзімі бір жылға дейін қысқартылды. Оның 65 жасы және бала кезінен мүгедектігі мен кәмелетке толмаған екі баласын асырауы ескерілді.

Талқылау