"Соңында қасыңда тек анаң қалады": Қайрат Нұртастың тілегі Гүлзира Айдарбекованы жылатты
Гүлзира Айдарбекова 54 жасқа толды. Танымал продюсерді түнгі сағат 12-де балалары мен құрбылары құттықтады. Анасының туған күніне гүлін алып жеткен Қайрат Нұртас ерекше тілек айтып, көптің жүрегін елжіретті, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.
Продюсер туған күнінде түсірілген кадрларды желідегі парақшасында жариялады. Онда Айдарбекованы құрбылары мен ұлдары құттықтаған.
"Аллаға шүкір, осындай анамыздың барына, анамыздан тәрбие алғанымызға. Жолды көрсетіп, қаншама қиыншылықтарда қасымда болдыңыз. Менің түсінгенім, соңында қасыңда қалатын тек қана анаң екен. Анажан, істеген қателіктерім, сізді ренжіткен кездерім болса, кешірім сұраймын. Енді сіз тек қана бақытты өмір сүру керексіз. Мен сізді қатты жақсы көремін", – деп ақ тілегін жеткізді Қайрат Нұртас.
Ұлының бұл сөзіне елжіреген Айдарбекова көзіне жас алды.
"Дәл бүгін, 12 сәуір – ғарышкерлер күні, әкешім Дәрібайұлы Үсен мен анашым Башарқызы Зайфун, өмірге шыр еткізіп 1968 жылы отбасымыздағы 7-ші перзенті етіп өмірге алып келіпті. Жандары жәннатта болсын! Сағат тілі 12:00-ні көрсеткеннен бастап, құттықтаулар, тағат таппай шырылдаған телефон қоңыраулары, құшақ-құшақ гүлдер жүрегімнің дүрсілін сағат тілінен де екі есеге көбейтіп жібергендей сезімде болдым. Менің мына өмірде бар екенімді ескеріп, көңіл бөліп құшақ-құшақ гүлімен келіп жатқан жақындарымның бәріне алғысым шексіз!" – деп бөлісті Гүлзира Айдарбекова.
Продюсер меншікті мерекесінде көпшіліктің басын қосып, ауызашар беруге ниеттеніп отыр.