Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңғы нанымызды бердік": Түркістандық қария Сталиннің қудалауына ұшыраған поляктарды қалай құтқарғаны туралы

Екінші дүниежүзілік соғыс және тоталитарлық қудалау кезінде поляктардың өмірі мен қазақтардың мейрімділігі жайлы Түркістан облысының тұрғыны Тасыбай Әбдіқаримов айтып берді.

ақсақал

Тасыбай Әбдіқаримов - Польша президенті Анджей Дуданың қолынан марапатқа ие болған алғашқы қазақстандық. Ол 2020 жылы 17 желтоқсанда дүние салды. Қария көзі тірісінде сонау Кеңес дәуіріндегі қиыншылықтар туралы сөз етті. Айтуынша, бұл уақыттың ауыртпалығы жер аударылған ұлттар үшін қатты байқалды. 

"Соғыс басталғаннан кейін башқұрттарды, шешендерді, грузиндерді, татарларды жер аудара бастады. Артынан 1952 жылы поляктар келді. Олардың арасында ауруы да бар, сауы да бар, кәрі-жасы, қарны ашы да бар бәрін бір пойызға тиеп әкелді. Қайтыс болғандарды апарып көміп тастады. Колхоз басшылары денсаулығы жарайтындарды әртүрлі жұмыстарға орналастыра бастады, көбі мақтаны қолмен оруға жіберілетін. Онда аптап ыстықтың астында жұмыс істеу қандай қиын екенін айтпаса да түсінікті ғой", - дейді ақсақал. 

Сөзінше, қазақтардың мейрімділігі сол кезде анық байқалыпты. 

"Сондағы біздің ауылдың қазақ ақсақалдары "біздің ұлдарымыз да соғыста болды ғой, поляктардың басына туған күн бізге туады, үй-үйлерге кіріп, ауылдықтарға қолдарынан келгенше көмектесіңдер, ас-су беріңдер" деп аралағаны есімде. "Нан болса, нан беріңдер, шай болса, шай, сүт болса, сүт беріңдер, олардың артынан ертең вагонмен азық-түлік келеді, оған дейін сендер асырайсыңдар" деді. Біздің үйіміздің жанына поляк Валентиннің отбасы келді. Оларға нан, сүт, айран, жүзім апарып беретінмін. Сонда олар менен алайын десе ұялып, аламайын десе, аштан қалатындарын ойлап, қатты қымсынатын еді. Кейін келе бір-бірімізге үйренісіп кеттік. Оларды отбасыларымен қонаққа шақырып, үйренісіп кеттік", - деп еске алды қария. 

Түркістандық қарт өздері жемесе де, нанды бірінші көршілеріне бергендерін айтады. 

"Мен жемесем де соларға берейінші" деп ойлайтынмын. Бір күні үйімізге Валентин келді. Айтуынша, олардың отбасына жаңа орылған бидай беріпті. Оны тартатын диірмендері де жоқ, келілері де жоқ. Сонда біз өзіміздің нанымызды соларға беріп, әлгі бидайды "сендерге ұн тартып береміз" деп алдық. Кейін ұн қылып қайтардық", - дейді ол. 

Бұған қоса, ол көршісінің дәрігер болып, ауылдықтарға көмегін тигізгенін айтады. 

"Әрдайым "өзім секілді адам ғой, қалай оларға жәрдемдеспеймін, бәріміз де Алланың пендесіміз ғой" деп ойлатынмын. Бір айтатыны, ол кезде біздің ауылда дәрігер деген атымен болмаған еді. Ал Валентин медициналық университетте оқыған екен. Соның арқасында оны ауылдық фельдшер қылды. Біздің ауылмен тағы бір ауыл Валентиннің қарамағында болды. Сонда екі елді мекеннің ортасында күннің ыстығында жаяу жүру деген оңай ма? Біздің үйде сол кезде велосипед болатын, соны Валентинге саған керек болады деп бердім. Басында оны алудан да ұялды. Ақыры велосипедтің қажет екенін түсінді. Ауылдағы үйлерді аралап, екпе салатын. Жергілікті тұрғындарды емдеп жүріп, ел арасында абыройы артып, танылып кетті", - дейді ақсақал. 

 

Талқылау