"Сол түн мені есейтті": Асанәлі Әшімов балалық шағынан сыр шертті
КСРО халық әртісі, актер Асанәлі Әшімов балалық шағын есіне алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жеке парақшадан алынды
Аңыз адам меценат, блогер Дулат Тастакеевке сұхбат беріп, есінен кетпейтін ауыр түн туралы айтып берді.
“Соғыс жылдары аяқ киім жоқ. Бар болғанның өзінде қыста киеміз деп сақтап қоямыз. Суықта ғана киеміз. Жаз-күз айларында жеңіл бәтеңке киіп барамыз. Кейде жалаң аяқ та жүре береміз. Бір күні күздің аяғына қарай мектепте отырғанда қар жауып кетті. Көзді ашып-жұмғанша айнала ақ мамыққа оралды. Сыныптастарымыздың ата-аналары келіп, балаларын алып кетті. Менің алып кететін ешкім жоқ. Сол түні мектепте қонатынымды сездім. Ол кезде от та жақпаған. Айтқанымдай, мектепте түнеп шықтым. Партаның үстінде отырдым. Менімен ешкімнің ісі жоқ. Түнімен неше түрлі қорқынышты дүниелер көз алдыма келді. Алағызып, елегізіп қатты қорықтым. Сол түн мені есейтіп жіберді. Жетім екенім есіме түсті. Артымда жанашыр адамым жоқ екенін ұқтым. Өмір деген осы екен ғой деп ойладым”, – деді актер.
Еске салайық, актердің жары, Бағдат Әшімова жас болғанына қарамастан, Асанәлі Әшімовке қалай ғашық болғанын әңгімеледі.
"Сөздің құдіреті ғой. Кітабын бір түнде оқып шықтым. Сол кітапта Асекең ішіндегі жан сырын ақтарған, басындағы қайғысын, жүрегіндегі ащы өкінішін жазған. Сол кітаптағы сөз мені баурап алды. Осы кісіге тірек болайыншы, қолымнан келсе, көзіндегі жасты сүртейінші, жүрегіне қуаныш ұялатайыншы дедім", – деген еді Бағдат Әшімова.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады