Қазақстандық әйел түн ортасында отшашумен туған күн құттықтайтындарды жазалауды сұрады (видео)

Әлеуметтік желіде алматылық тұрғындардың бірі түн ортасында тұрғын үй кешенінің ауласында отшашу атқан жастарға қатысты наразылығын білдірді. Оның айтуынша, бірнеше адам досының туған күнін атап өту үшін отшашу атып, жүздеген тұрғынның тыныштығын бұзған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы мұндай әрекетті тәрбиесіздік пен айналасындағыларға деген құрметсіздік деп бағалаған. Сонымен қатар ол отшашудан шыққан ұшқындардың тұрғын үйлердің балкондары жаққа ұшқанын айтып, қауіпсіздік мәселесіне де назар аударды.
"Бүгін түнде үш жігіт төртінші досын туған күнімен құттықтау үшін дәл түнгі сағат 00:00-де тұрғын үй кешенінің ортасында отшашу атты. Бірнеше минуттық көңіл көтеру үшін жүздеген адамды оятудан асқан тәрбиесіздік жоқ шығар. Ең сорақысы, отшашулар үйлерге қарай атылып, ұшқындар балкондарға дейін жетті. Егер бұл жігіттер өздерін таныса, бір нәрсені түсінсін. Өз қызығың үшін тұтас ауданның тыныштығын бұзу және өзгенің мүлкіне қауіп төндіру мақтанатын іс емес, бұл дұрыс тәрбие көрмегеннің белгісі. Бұл нағыз мәдениетсіздік әрі айналадағы адамдарға деген құрметтің жоқтығы", – деп жазды тұрғын.
Желі қолданушыларының пікірлері екіге жарылды. Көпшілік түнгі уақытта атылған отшашулар тұрғындардың тыныштығын бұзып, балалар мен қарттарға қолайсыздық тудыратынын жазса, кейбір оқырмандар мұндай жағдайға тым қатты мән бермеу керек деген пікір білдірді.
Пікір қалдырушылардың бірі Астананың оңтүстік-шығыс ауданында да мұндай жағдайлар жиі қайталанатынын айтып, "Бізде мұндайлар өте көп, күнде дерлік түнгі сағат 00:00-де бірдеңе тойлап жатады" деп жазды.
Тағы бір қолданушы отшашудан үй жануарының шошып кеткенін айтып, "Олар менің итімді қатты қорқытты" деген пікір қалдырған. Ал бір ана заң жүзінде түн ортасында салют атуға тыйым салу қажет деп есептейді. Оқырмандардың бірі жақында болған оқиғаны еске алып, "Қатты дыбыстан атам шошып оянып, жағдайы күрт нашарлап кетті. Сондықтан адамдар отшашу ұйымдастырмас бұрын оның өзгелерге қалай әсер ететінін ойлауы керек" деп жазды.
Дегенмен отшашуды қолдаған пікірлер де кездесті. Желі қолданушыларының бірі "Бар болғаны бес минуттық отшашу ғой. Шу болғаны рас, бірақ адамдарды балағаттап, әлеуметтік желіге жариялаудың қажеті жоқ" деген көзқарасын білдірді.
Алматы қалалық полиция департаменті тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында түнгі уақытта отшашу атылуына байланысты тексеру басталғанын мәлімдеді.
"Тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында түнгі уақытта отшашу атылуына байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеру жұмыстарын бастады. Қазір оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтауға бағытталған қажетті шаралар қабылданып жатыр. Олардың әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.
Полиция мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып қана қоймай, тұрғындардың тыныштығына кедергі келтіріп, қауіпсіздікке де қауіп төндіретінін атап өтті.
"Мұндай фактілерге жол беруге болмайды, өйткені олар қоғамдық тәртіпті бұзады, азаматтардың тыныштығын бұзып, қауіпсіздікке әлеуетті қауіп төндіреді. Жазаның бұлтартпастығы қағидаты қамтамасыз етіледі – барлық кінәлі тұлғалар анықталып, жауапкершілікке тартылады. Азаматтарды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға және айналасындағылардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарауға шақырамыз", – деп мәлімдеді ведомство.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр