Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мақпал Исабекова жаңа телехикаяда басты рөлді сомдайды

Мақпал Исабекова
Фото: instagram.com/makosyai

Танымал әнші Мақпал Исабекова өзін жаңа бағытта сынап көрмек. Өнер иесі “Жоғалған есім” атты жаңа телехикаяның басты рөлін сомдамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгінде Алматыда жобаның түсірілімі өтіп жатыр. 24 бөлімнен тұратын мелодрама күзгі маусымда көрерменге жол тартпақ.

Туындының режиссері – Азиза Мансұрова. Ал басты рөлдерді әнші әрі актриса Мақпал Исабекова мен актер Медет Аманбаев сомдайды. Сондай-ақ телехикаяға кәсіби актерлер де тартылған.

Жобаның бас продюсері Шолпан Батырбаеваның айтуынша, сериалда отбасындағы өзекті мәселелер ашық көрсетіледі. Авторлар кейіпкерлер тағдыры арқылы отбасы ішіндегі түсініспеушілік, қарым-қатынас, жауапкершілік пен таңдау тақырыптарын қозғайды.

Қазір түсірілім тобы қарқынды жұмыс істеп жатыр. Телехикая төрт ауысыммен таспаланып, әр бөлімнің сапалы шығуына ерекше мән беріледі.

“Жоғалған есім” сериалының тұсаукесері күзгі маусымға жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Мақпал Исабекова алғаш рет ажырасқанын мәлімдегені хабарланған еді. Әнші бұрынғы күйеуімен былтыр ақпанда ресми түрде ажырасқан. Өнер иесінің сөзінше, бүгінде олар сөйлеспейді.

“Бір жағынан бар, екінші жағынан жоқ. Шынында, бұл өте символикалық жағдай. Өмірімдегі үлкен оқиғалардың бәрі – алғашқы жүктілігім, тұрмысқа шығу туралы ұсыныс – бәрі 14 ақпанда болған. Ал 14 ақпанда мен сіздерге өзімді еркін әйел екенімді жарияладым. Махаббат хикаяларының бәрі әдемі басталады ғой. Ешкім тұрмысқа шығарда ажырасамын деп ойламайды”, – деді ол.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 03 Маусым, 2026 17:39