Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сізден басқа жоқ Құдай” деп елбасына өлең арнаған ақынға Жан Ахмадиев жауап рэп шығарды

«Уа, Нұр-Атам – Құдайым, Сізден басқа жоқ Құдай!» Бұл ақын Балтабек Нұрғалиевтің «Жұмақ-есті Жаратқан» өлеңінен үзінді. Соңғы кезде әлеуметтік желіге президент пен оның отбасына қатысты отты өлең жолдарын жиі жариялайтын ақын қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр.

Балтабек Нұрғалиев кім? Оның мемлекет басшысына арналған тағы қандай өлеңдері бар?

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде дәріс беретін Балтабек Нұрғалиев ақындығының арқасында 2012 жылы Халықаралық Шабыт  фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» номинациясының гран-приін иеленген. Балтабек бала күнінен елбасыға арнап өлең жазып келеді екен. Оның мемлекет басшысына деген құрметі ерекше, деп хабарлайды 31 арна.

“Менің түсінігімде құдайы, жаратушы иесі және жасампаз жаратқаны!”, – дейді ақын Балтабек Нұрғалиев.

Қазақстан демократиялық бағытты ұстанған мемлекет болса да, Балтабек Нұрғалиев елімізде монархиялық билік орнағанын армандайды екен.

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің дейді. Сол тектілік тұрғысынан келгенде мен Қазақстанды Назарбаевтар династиясы билегенін қалаймын”, – дейді ақын Балтабек Нұрғалиев.

Ал, әлеуметтік желіде Балтабектің бұл өлеңдері тек пиар бағытта, атағын аспандатып, мансабын көтеру үшін жазылған деп жазғырып жатқандар жоқ емес. Жоғарыдағылардың тапсырысы болуы мүмкін деп топшылайтындар да бар. Ол аздай ақынға аса жағымпаздана берме деп қорқытып үркітетіндер де көбейіп кеткен екен.

“Ешқандай да тапсырыс емес. Әсіресе билік тарапынан тапсырыс емес”, – дейді ақын.

Алайда мемлекет басшысы өз есімін аспандатып жағымпазданатындарға мақтаудың да шегі бар деп талай рет шегелеп айтып, қарсылық білдірген еді.

“Менің тарапыма айтылатын мақтаулар көп. Менің жасымда, осынша тәжірибем барда мені олай таңғалдыру мүмкін емес”, – деген болатын елбасы.

Ал заманауи жырау атанып кеткен атышулы Жан Ахмадиевтің жанына Балтабектің өлеңдері қатты батып жүрген сыңайлы. Ол президентті құдайға теңеген Балтабек ақындардың атына кір келтіріп жүр дейді. Ашынған Жан Балтабекке рэп шығарып үлгеріпті.

“Тыңда мені ақынсымақ арқадағы жауырын. Өлең жазсаң, жазсаңшы сен тәуірін. Білесің бе?! Адасумен сандалумен өтіп жатыр дәуірің. Есте болсын пенде емес, Алла сенің Тәңірің”, – дейді заманауи жырау.

Десе де Балтабек  Нұрғалиев қазақты құрдымнан құтқарған президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арнап жыр жазу өзінің азаматтық һәм ақындық борышы деп біледі.

Тағы оқыңыз: 

Қазақ тілінде қызмет көрсетпегені үшін басы дауға қалған Qazkom ресми түрде кешірім сұрады (видео)

Астанада медициналық университетіндегі жанжалға кінәлілер жұмыстан қуылды

ШҚО-да сәбиін босанып лақтырып жіберген мұғалімге қатысты жаңа деректер

Талқылау