Швейцарияда бетті жауып тұратын кез келген киімді киюге тыйым салынды
Швейцарияда бетті жауып тұратын паранжа мен никаб киюге тыйым салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bloomberg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Сурет pexels.com-нан алынды
Тиісті заңды жалпы референдумнан екі жыл өткен соң Швейцвпия парламенті қабылдады. Жаңа тыйым қоғамдық орындарда осындай киім кигендерге 1000 франкке дейін (500 мың теңгеден астам) айыппұл салуды қарастырады.
Бұл заң сонымен қатар бетті тұмшалайтын кез келген басқа киімге немесе бас киімге де қатысты.
Референдум кезінде бұл ұсыныс мұсылман топтары тарапынан сынға ұшырады. Мұсылман әйелдер ұйымының өкілі Инес Эль-Ших Швейцарияда 30 әйел ғана паранжа киетінін, ал Швейцарияның Орталық Ислам кеңесі мұндай референдум елде мұсылмандарға қарсы өшпенділіктің кең таралғанын көрсетеді деп мәлімдеме жасады.
Бетті жабуға діни рәсімдер кезінде, сондай-ақ медициналық жағдайлар мен карнавалдық маскалар ретінде қолданылған кезде ғана тыйым салынбайды.