Талибан қозғалысы әйелдерге ұлттық саябаққа баруға тыйым салды
Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысы әйелдердің орталық Бамиян провинциясындағы Банде Амир ұлттық саябағына баруына тыйым салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауғанстанның ізгілік министрінің міндетін атқарушы және вице-министр Мохаммад Халед Ханафи әйелдердің саябақта хиджаб кию ережелерін сақтамайтынын айтты. Ол діни қызметкерлер мен қауіпсіздік күштерін мәселенің шешімі табылмайынша, әйелдердің саябаққа кіруіне тыйым салуға шақырды.
2009 жылы Банде Амир Ауғанстандағы алғашқы ұлттық саябаққа және танымал туристік, отбасылық демалыс орнына айналды.
ЮНЕСКО құжаттарында саябақ табиғаты ерекше жер ретінде сипатталған.
Бамияндағы діни қызметкерлер саябаққа барып, тәртіп бұзған әйелдердің жергілікті тұрғындар емес екенін айтты.
"Хиджабтың жоқтығы немесе дұрыс киілмегені туралы шағымдар бар. Бірақ бұлар Бамиян тұрғындары емес. Олар мұнда басқа жерлерден келеді", - деді Бамиандық шиит ғұламалар кеңесінің басшысы Сайед Насрулла Ваези.
Ал Ауғанстанның бұрынғы депутаты Мариям Солайманхил: "Біз қайтып ораламыз, мен оған сенемін", - деп жазды Twitter парақшасында.
Human Rights Watch өкілі Ферешта Аббаси бұл тыйым әйелдер теңдігі күнімен (26 тамыз АҚШ-та гендерлік кемсітушілікке тыйым салатын Конституцияға 19-шы түзетудің қабылданған күні) сәйкес келгенін атап өтті. Сондай-ақ бұл "Ауғанстан әйелдеріне деген құрметсіздік" деп атады.
БҰҰ-ның Ауғанстандағы адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Ричард Беннетт әйелдердің Банде Амирге баруына тыйым салу "шариғат пен ауған мәдениетін сақтау үшін неліктен қажет" деп сұрады.
Айта кетейік, 2022 жылдың желтоқсанында Ауғанстанда әйелдерге мектепке баруға тыйым салынды. Жақында тәліптер Ауғанстандағы шаштараздар мен сұлулық салондарын жабуды бұйырды. Ал шілденің ортасында әйелдерге ұлттық университетке түсу емтихандарын тапсыруға тыйым салды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстанда әйелдерге саябақтарға баруға тыйым салғаны туралы жазған едік.