Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шүкір, бәрі жақсы": Алматылық батыр Мұса Әбдірайым әуежайда өзі құтқарған қызбен кездесіп қайтты

Алматы әуежайында кепілге алынған қызды құтқарған қазақстандық Мұса Әбдірайым желідегі парақшасында құтқарылған қызбен кездескенін жазды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мұса Әбдірайымның желідегі парақшасынан

Ер адамның сөзінше, ол өзінің әрекетін ерлік деп есептемейді.

"Әуежайда болған жағдайды бәріңіз көрген боларсыздар? Бүгін қарындасымыздың жағдайын біліп қайттық, Аллаһқа шүкір бәрі жақсы, көрер күніміз жақсылық болсын ағайын!" – деп жазған Мұса Әбдірайым.

Мұса Әбдірайымның ерлігі қазақстандықтарға үлгі болып, қоғамда үлкен қолдау тапты.

"Жаным өзін емес-ау, қызын ойлап жүрегі езіліп кеткен шығар... Бәрі жақсы аяқталғанына Аллаға шүкір! Енді жамандық көрмесін! Сіз сияқты рухты ер-азаматтарымыз көп болсын!", "Нағыз ер азамат, барлық жігіттің бойында сіздің бойыңыздағы ержүректік еркектік қасиетті бұйыртсын. Көп жігітке үлгі болдыңыз", "Сіздей қазақтың батыры көбейе берсін аға! Жастарға үлгісіз!" – деп жарыса жазды желі қолданушылары.

Айта кетейік, қаскүнемге қатысты "Кепілге адам алу", "Қару қолдану арқылы бұзақылық жасау" және "Терроризм актісі туралы жалған хабарлау" баптары бойынша үш қылмыстық іс қозғалып, ол екі айға қамауға алынды.



Еске салайық, бұған дейін пышақ ұстаған ер адамның Алматы әуежайының қызметкерін кепілге алғаны туралы хабарлаған едік. Желіде оқиға орнынан видео пайда болған. Кадрлардан қолында пышағы бар ер адамның қыздың шашынан тартып ұстап алғанын байқауға болады. Кейіннен қызметкерге пышақпан шабуылдаған күдіктінің кім екені анықталған. Тоқаев Алматы әуежайында күдіктіні ұстаған адамды мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырған. 

Талқылау