ШҚО-дағы Қытай компаниясына 1 миллиард теңге айыппұл салынды
Фото: freepik.com
ШҚО экология департаменті "Синьсин” құрылыс және даму компаниясын тексерді. Тексеріс нәтижесінде компанияға 1 миллиард теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі облыстық прокуратураға сілтеме жасап хабарлайды.
Прокуратура мәліметінше, тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама бұзылғаны анықталған – ІІ санаттағы объектілерге экологиялық рұқсатсыз асфальтбетон қондырғысы мен ұсақтау кешенін пайдалану фактілері тіркелді.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабының 1-бөлігі (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
“Бұл қаулы ЖШС тарапынан Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына шағымданумен дауланды.
Соттың 2025 жылғы 4 наурыздағы қаулысымен ЖШС-нің кінәсі анықталып, 1 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды”, – делінген хабарламада.
Тарап апелляциялық тәртіппен жоғары тұрған сотқа шағым түсірген, алайда 2025 жылғы 10 сәуірдегі апелляциялық инстанцияның қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылды.