Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік оқушы құны 1 млн теңге тұратын жобасымен қытайлықтарды таңғалдырды

Қуаныш Мәден Қытайдың Макао қаласында халықаралық «CASTIC – 2019» жас ғалымдар байқауында топ жарды. Оның инженерлік роботын әлемге белгілі ғалымдар жоғары бағалап, жұмысы жеңіс тұғырынан көрінді. Қуаныш Stan.kz ақпарат агентігінің тілшісіне берген сұқбатында қалай Қытайға барып, 600-ға жуық қатысушының ішінде екінші орынды қанжығасына байлағанын, құны 1 млн теңгені құрайтын жобасына кімдер қызығушылық танытқанын айтып берді.

Қуаныш Мәден – робототехника бойынша түрлі байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» 10 жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне «Робот-трубочист» жобасын таныстырған болатын. 

Бұл жолы байқауға ұсынған жобасының баламасы жоқ, яғни әлі ешқандай елде іске аспаған. Сол себептен де, физика-математика бағытындағы Назарбаев мектебінің 12-сынып оқушысы ойлап тапқан технология халықаралық білім додасында жүлдеге лайық деп танылды. Жас ғалым жасаған дүниелердің барлығы «Жасыл экономикаға" негізделген.  

–    Біз бұл байқауға Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 Зерде мектебінің 11-сынып оқушысы Темірлан Рахымбаев екеуміз ашық іріктеуден сәтті өтіп, жеңіске деген мол сенімділікпен аттандық. Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы бізге қолдау көрсетті. Мен инженерия ғылымдары, ал Темірлан компьютерлік технологиялар аталымы бойынша бақ сынадық. Әлемнің 67 елінен жиналған 597 жас бір аптаға жуық сайыста өз жобаларын 7 түрлі саланың өкіліне таныстырды. Зияткерлік сайыс қайталанбас әсер сыйлады. Байқауды Аспан асты елінің Ғылым және технология министрлігі ұйымдастырды және сайыстың әділ өткенін айта кету керек. Біз өз мүмкіндігімізді толық көрсете алдық. Қарсыластарымыз да осал болмады. Ең бастысы – еліміздің атын шығаруға аз да болса, өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз,– дейді жас өнертапқыш.

Қуаныш Мәденнің айтуынша, әзірге аталған жобаны бірнеше компания қаржыландыруға ниет білдірген. Алайда, баламасы жоқ роботты жас ғалым халықаралық өндіріске қосуды көздейді. Осылайша, жас өнертапқыш еліміздің дамуына үлес қосып, жаңа технологиясы арқылы қазақты әлемге танытпақшы.


 

Талқылау