Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі балабақшада бүлдіршінге қол көтерген: Қыздың ата-анасы тәрбиешіге кешірім берді

Шымкент қаласының соты балабақшада балаға қатыгездік көрсетіп, қорлаған тәрбиешіні қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Балабақша тәрбиешісі баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамай, оған қатыгездік көрсетті деп айыпталды.

Оқиға 3 қыркүйекте Шымкенттегі балабақшалардың бірінде болған. Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы баланың төсекке жатуын талап етіп, екі рет ескерту жасаған. Қыз бала ескертуді елемеген соң мұғалім оның қолы мен аяғынан ұстап, еденге жатқызып сүйреген. Тәрбиешінің әрекеті бейнекамерада қалған. Тәрбиеші жұмыстан қуылды.

“Баланың алған жарақаттары аса ауыр емес. Сотта әйелдің кінәсі оның берген жауабымен және жиналған айғақтармен расталды. Алайда ата-ана мұғалімді кешіріп, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады”, – делінген хабарламада.

Сот мұғалімнің өз ісіне өкініп, кешірім сұрағанын және келтірілген зиянды өтегенін ескерді. Талапкердің сұрауымен қылмыстық іс тоқтатылып, сотталушы жауапкершіліктен босатылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте балабақша тәрбиешісі баланы аяғынан сүйреп, басынан ұрып-соққаны туралы жазған едік.

Талқылау