Шымкентте белгілі олигархтың иелігінде болған "Мұз сарайы" мемлекетке қайтарылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкенттегі департаменті қала прокуратурасымен бірлесе отырып, “Мұз сарайын” мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: sxodim.com
Агенттіктің мәліметінше, Шымкенттегі “Мұз сарайы” мемлекеттің бақылауына қайтарылып жатыр.
“Департамент қала прокуратурасымен бірлесіп “Мұз сарайын” мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдады. Биыл 27 мамырда бірінші сатыдағы сот “Спорт сарайы” ЖШС үлесін (67%) жеке меншікке 128 миллион теңгеге сатып алу-сату шартының күшін жойды”, – деп хабарлады өңірдегі департамент басшысы.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Шымкент әкімдігі 2017 жылы шаһардағы ең ірі нысанның бірі – “Мұз сарайын” 128 миллион теңгеге сатқан еді. Қаланың баспасөз қызметі сол уақытта нысанды “МұнайҚұрылысСервис” ЖШС компаниясы сатып алғанын мәлімдеді. Артынша бұл компания шымкенттік кәсіпкер Серікжан Сейтжанов тиесілі екені белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының прокуратурасы 100-ден астам жер учаскесінің меншік иелерінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін мемлекетке 1,5 млрд теңге төлемегенін жазған едік. Заң бойынша жер учаскесін пайдалануды өзгерту кезінде жер иелері кадастрлық құнын өтеуі керек. Прокурорлар 236 миллион теңгені қайтарды, қалған сома өндіру сатысында. Алты айда жалпы көлемі 12,5 мың гектар, құны 2,5 миллиард теңге болатын 155 пайдаланылмай жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.