Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте жалғызбасты кейуана он жыл бойы вагонда тұрады

Шымкентте 70 жастағы кейуана вагонда тұрады. Қалайзада Рүстемованың темір үйшікті мекен қылғанына он жылға таяпты. Жалғызбасты қария  қыста тамыр-таныстың үйін паналаса, көктемнен қара күзге дейін вагон үйшікте күнелтетінін айтады. Онда бірақ не су, не жарық жоқ. Тіпті  тамақ әзірлейтін мүмкіндік жоқ дейді. Ал кейуана 2014 жылдан бері баспана кезегінде тұр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме беріп хабарлайды.

Қалайзада Рүстемова

Қалайзада Рүстемова күннің көзі жылысымен вагондағы мекеніне оралған, бірақ түней алмай жүр. Тозығы жеткен темір үйшіктің төбесінен өткен су төсегін малмандай етіпті. Жатын орыны да, ас ішетін жері де осы. Кейуана баспана кезегіне 2014 жылы тұрыпты. Тоғыз жылдан бері әлі бұйырар емес дейді. Вагон ішінде электр энергиясы жоқ. Ас әзірлейтін газды қосуға тыйым салынған.

“Далада күннің ыстығы 40 градус болса, мынаның іші 60 градус болды. Темір де бұл, қызып кетеді. Осыны да айтып барып жатырмыз әкімшілікке. Кімге барам?! Кезегің келгеннен кейін аласың... Кезегім содан бері қарай 5377. Неге келмейді кезек деп… неге келмейді? Жылжымайды. Үндемейді”, – дейді Шымкент қаласының тұрғыны Қалайзада Рүстемова.

Қалайзада Рүстемова  2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Азаматтық алғанымен, баспаналы болуға қаржысы жетпеген көрінеді. Кісі есігін сығалағаннан жақсы ғой деп осы вагонды сатып алыпты. Бірақ осынша жыл пана қыламын деп мүлдем ойлаған жоқпын дейді.

Кейуанаға пана болған темір үйшік Шымкенттің өзінде бір емес, бірнеше орын ауыстырып үлгеріпті. Қалайзада апа бос тұрған учаскелерге баспанасын ақшасын төлеп, сүйретіп жеткізетінін айтады. Алайда жер иелерінің көпшілігі вагонды өз ауласында қалдыруға келісе бермейді дейді.

“Кіргізейін десем, менде де екі-ақ бөлме. Оның қай жағына кіргізем. Сөйтіп бұл кісі қыста квартираға шығып кетті. Көмектессе, жақсы болар еді”, – дейді Достық шағын ауданының тұрғыны Шолпан Қайыпова.

Қарияның өзі құзырлы орындардың табалдырығын тоздырған. Тек құр сөзбен шығарып салады дейді. Айтуынша, соңғы рет әкімдіктегілер 2020 жылы күзінде пәтер береміз деп қуантқан көрінеді. Одан бұрын да жатақханадан орын бергенімен, бөтен отбасымен қосақтап қойыпты. Ал тұрғын үй басқармасындағылар кейуанаға бір емес, бірнеше баспана ұсынғандарын айтады.

“Коммуналдық тұрғын үй қорындағы жатақханаларда бұл кісіні жеке тұрғызатындай бір бөлмелі пәтер бос жоқ. Бірақ сол жатақханадан бізде төрт бөлмелі  пәтердің бір бөлмесін босатып, осы кісіге ұсындық. Екі апа бір-бірімен шүйіркелесіп әңгімелесіп отырсын, сол бөлмеге сізді көшірейік деген ұсыныс жасадық. Алайда Қалайзада апамыз әлі өзінің келісімін берген жоқ”, – дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бас маманы. 

Ал басыбайлы пәтер кезегі келгенде ғана беріледі. Алдында 1 479 адам бар. Сондықтан тым болмағанда қазір тұрып жатқан темір үйшігін жөндетіп беру жағын ойластырып жатыр.
 

 

Талқылау