Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне сегіз сағаттан жаттықтық": Қазақстандық Шаолинь мектебінде өткізген үш жылы туралы айтып берді

Болатбек Нұрманов жас кезінде Шаолинь ғибадатханасында тәрбиеленген. Бүгінде қарияның жасы 70-ке таяған. Қазір де үйінің ауласында кунг-фу тәсілдерін қайталап, жаттығып жүреді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап. 

Жастық шағы әскери қызметте өткен. Гуанчжоудағы ғибадатханаға өткен ғасырдың 80-жылдары барады. Қытайда 4 жылдай тұрып, қойын-қолтық ұрыстың қыр-сырына қанығады. Атамекенге оралған соң шәкірт тәрбиелеуді қолға алып, ұстаздық қызметін әлі жалғастырып келеді. Болатбек биыл 68 жасқа толады. Қарттығына қарамастан санасы сергек, қимылы ширақ. Қызмет бабымен Шаолинь мектебіне барған кезде өзі қатарлас шәкірттермен күш сынасып, шаршы алаңға да шыққан.

"Ғибадатханада қиын сынақтардан өтуіме жастайымнан спортпен шұғылданғаным септігін тигізді. Спортқа қызыққаннан кейін 1979 жылы Қытайда у-шу өнері сәнге айналған еді, соған баруға мұқтаж болдым. Шекара аймағы ол – Лаос, Въетнам, Қытайдың ең экзотикалық жеріндегі Шаолинь ғибадатханасында 3,5 жыл тәрбиелендім. Ол кезде күніне 8 сағат жаттығатынбыз,: таңертең 3 сағат және кешке 5 сағат”, – деді шығыс жекпе-жек өнерінің шебері Болатбек Нұрманов.

Кеңес дәуірінде Болатбек Нұрманов әскери барлаушы болған. Ғибадатханаға құпия тапсырмамен барғанын айтады. Сол жерде кунг-фу спортының "Әбжылан", "Қара мысық" және "Дәуіт" атауымен әлемге танымал әдістерін меңгереді. Ушу-саньда бойынша Қытайда өткен әлемдік жарысқа қатысқан. Ақтық кезеңінде қарсыласын есінен тандырып, чемпион атанады.  

“Баяғы КСРО уақытындағы таңертең тұрып, 3-5 шақырым жүгіру деген дұрыс емес. Таңертең тұрып адам өзінің денсаулығына пайдалы, өзіне керекті барлық жаттығуларды істеп, денесін босатып, қан жүгіртіп сондай қимылдарды жасау керек, сонда адам ширақтана бастайды”, – деді Болатбек Нұрманов.

Кунг-фу шебері ғибадатханада түрлі жаттығуларды жасап шыныққан. Саусақты жерге тіреп кеудені көтеру, оттан өту, бір аяқпен тұру тәсілдерін қазір де қайталауға әзір. Айтуынша, Шаолинь шәкірттерінің су бетімен 5 метрге дейін жүгіріп өтуі асқан шапшаңдықты білдіреді.

Болатбек Нұрманов Шаолинь мектебінде киген киімдері мен ұрыс құралдарын елге алып келіпті. Арнайы форманы шәкірттеріне сыйлаған. Қазір олар шығыс жекпе-жегі бойынша түрлі жарысқа қатысып, ұстаздың мерейін асқақтатып жүр.

Талқылау