Шымкентте полиция департаментінің қызметкері атышулы аудиожазбаға қатысты түсінік берді
Шымкент қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева желіде тарап кеткен аудиожазбаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Департамент өкілінің айтуынша, бұл әлдекімдердің жасаған қастандығы, таралған материал шындыққа жанаспайды.
"Менің аты-жөнімді көрсете отырып таралған материалдың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. Бұл "дауыс-ырғақ" қондырғысымен монтаждалып арнайы жасалған. Сонымен қатар, аудиожазба аталған парақша "YouTube" желісіне тіркеле сала жүктелген. Яғни, тіркеле салысымен менің аты-жөніме бағытталған бір ғана жазбаны жариялап, ешқандай дәлел-айғақтарсыз суреттерімді де қолданған. Сондықтан, бұл маған және қызметіме жасалып жатқан қастандық деп білемін. Қазіргі уақытта бұл жайтқа қатысты тексеру тағайындалды, нәтижесі қосымша хабарланатын болады",- деді ол.
Айта кетсек, Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мөлдір Бекеева деп көрсетілген аудио жазба әлеуметтік желіде үлкен талқылауға түскен. Онда әйел адамның қызметкеріне жекіп сөйлеп, былапыт сөздер айтқанын естуге болады. Тіпті жұмыстан босату жөнінде мәселе қарайтындығын жеткізген дауыс иесі, әдеп нормаларын сақтамай, аузына келген ағат сөздерді қарша боратқан.
Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал майоры Қайрат Дәлбеков бұл жағдай бойынша қызметтік тексеру жүргізілетіндігін айтты.