Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Екі адамға бірдей берілген": Шымкентте Өзбекстаннан келген қандастар 6 мың долларға сатып алған жерлерінен айырылмақшы

Шымкентте қандастардың үйлері сүрілейін деп жатыр. Атамекенге осыдан 10-15 жыл бұрын оралған олар квотаға сатып алған жер үшін соттасудан шаршадық дейді. Сөздерінше, қандастарға деп берілген әр учаске сол кезде екі адамға бірдей сатылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Aibat жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Он жыл бұрын Өзбекстаннан Шымкенке көшіп келген Гүлжаухар Қабылбекованың отбасында төрт жылдан бері тыныштық жоқ. Әуелі атамекенге оралғанына қуанған көпбалалы жанұя “Шаңырақ” шағын ауданынан 10 сотық жер сатып алыпты. Алайда 6 мың долларға алған учаскенің алты жылдан кейін тағы бір иесі табылған. 

“Мен күйеуіме көмекші болдым. Кірпіші мен бетонын да өзіміз құйған болатынбыз. Өз қолымызбен тұрғыздық. Қазір енді денсаулығымыздан айырылып отырмыз. Үш бөлмелі болса да бәрін өзіміз алып, денсаулығымызды құртып, күйеуіміз екеуміз осы үйді соқтық. Менің басқа баратын жерім жоқ. Сот орындаушыға да солай айттым. Мені тірі болып алып шыға алмайсыздар, әуре болып келмей-ақ қойыңыздар дедім”, – дейді Гүлжауһар Қабылбекова. 

Квотаға алған жерінің өзінен басқа тағы бір қожайыны барын Қарлығаш Мырзаханова үш жылдан кейін білген. Қандас Қазақстанға оралғасын жолдасынан айырылған. Кейін ұлы жол апатына түсіп, сатып алған жерін сол күйі өзі атына заңдастыра алмағанын айтады. 

“Бұлай болады деп ойлаған жоқпыз. Құжат жасап береді деп сол кісіге сендік қой. Мүмкін басқа адамға бергенде бұндай болмас па еді. Жерді әкімшілікпен сөйлесіп алып жатыр екен деп сеніп алдық”, – дейді. 

“Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары” басқармасы бір жердің екі адамға сатылғанын жоққа шығармайды. “Шаңырақ” ауданы бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысына қараса 2018 жылдан бастап Шымкентке өткен. 

“Сайрам ауданынан жер телімдері берілген кезде сол округтің шешімдерімен берілген. Қалаға өткеннен кейін белгісіз себептермен жер телімдері сол аумаққа да беріліп кеткен. Сондықтан екі жер телімі бір-біріне қосылып тұр”, – дейді Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары” басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Жүнісбеков. 

Түркістан облысы мен Шымкент қаласы осылайша бір жерді екі түрлі азаматтың атына аударған. Жауаптылардың салғырттығынан қаншама отбасы далада қалайын деп отыр. Қандастар сөзінше, “Шаңырақта” баспанасыз қалу мәселесімен 15 отбасы өмір сүруде. 

Талқылау