Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте қоқыстан әйелдің денесі табылған: Куәгерлер оқиға туралы айтып берді

Шымкентте қоқыс контейнерінен әйел адамның мәйіті табылған. Оқиға туралы куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап. 

Мәйіт табылған қоқыс контейнері халық көп жүретін жерде орналасқан. Бір жағында көпқабатты үйлер мен үлкен сауда орталығы бар. Ал дәл түбінде   бастауыш мектеп тұр. 

Мәйіт жамылғыға оралып, үлкен ала сөмкеге салынған. Денесінің үстіңгі жағында киімі болған жоқ дейді куәгерлер. Оның қоқыс жәшігінде жатқанын бірінші болып сүт сатушы әйел көріпті.      

“Ең үстінде пакетте нан тұр екен. Әйелшілік, малға деп алдым нанды. Алып ем, адамның денесі көрінді. Қорықтым да, нанды алып, жүгіріп таксист балаларға бардым. Біз бастапқыда мәйіт ер балаға тиесілі екен деп ойладық”, – дейді куәгер Ирсай Жұманова. 

“Дәріханаға өтіп бара жатыр едім, полицейлер контейнерден мәйітті шығарып жатты. Жасы 35-40 шамасындағы әйел адам екен. Беті қатты соққыдан ба, қанталап кеткен. Аяқ киімі жоқ болды. Таза жамылғыға оралыпты, жастығы да тап-таза, тек жаймалар қанға малынған”, – дейді куәгер Юлия Зайкина. 

Жергілікті тұрғындар бұл жағдайдан қатты шошынып қалғандарын айтады. Тіпті қоқыс төгуге балаларды жіберуге жүрексініп отырмыз дейді. Айтуларынша, өлген адам бұл маңның тұрғыны емес. 

“Мына жерде қырғын балалар көрді бағана мектептен осы жерден сүйек табылған кезде. Шынымен қорқынышты жағдай. Жаңа бір сағаттың көлемінде полиция қызметкерлері келіп опрос жүргізіп жатыр, танисыздар ма деп көрсетті сол кісіні. Бірақ танымаймыз. Көрген адамымыз емес”.

Тұрғындардың айтуынша, бұл қылмысты пәтерді жалға алғандар істеген болуы мүмкін.  Өйткені дәл осы төңіректе тәуліктік жалға берілетін үй  көп дейді. 

“Іс бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда күдікті тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде”, – дейді әл-Фараби ауданы полиция басқармасы бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Батырбек Мырзагелдиев.

Әзірге әйелдің неден, қалай қайтыс болғаны белгісіз. Полиция "Адам өлтіру" бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.  

Талқылау