Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентте “Гарант 24” қаржы пирамидасына алданған бір топ тұрғын сот өкілдеріне наразылықтарын білдірді

Шымкентте “Гарант 24” пирамидасына қомақты қаржысын құйып, алданып қалған бір топ  тұрғын Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының алдына жиналды. Айтуларынша маусым айынан бері жүріп жатқан сотқа оларды бірде-бір рет жәбірленуші ретінде қатыстырмаған. Тұрғындар кінәлілердің жазасыз жүргеніне алаңдаулы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар порталына сілтеме жасап. 

Қаржы пирамидасына алданғандар соттың әділ өтуін талап етуде. Сөздерінше, өздерін алдаған кассирлер мен менеджерлер бостандықта тайраңдап жүр. Шымкент қаласында осы жүйенің арбауына түсіп сан соққан 11 жарым мың адамның тек 270-інің ғана арызы негізінде қылмыстық іс қозғалып, соттың қарауына өткен.

“Мен 3 миллион 200 мың теңге салдым. Жарнамаларын жақсылап жасаған соң, халық сеніп барын осында салып жатады. Үйін, ескі көлігін, тіпті банктен қарыз алып салғандар да бар”,- деді жәбірленушілердің бірі Айдар Түймебаев. 

Қазір алаяқтар бостандықта, ал қылмыстық іс бойынша 4 инкассатор жауапқа тартылып жатқан көрінеді. Тұрғындар сол себептен салған қаражаттарын кері қайтара алмай қаламыз ба деп қорқатындарын айтады.

“ Ұлттық банк пен құзырлы органдар немқұрайлы қарап отыр. 14 қаладан да ешқандай алаяқ касирлер, менеджерлер кінәлі болып табылмады. Инкассаторлар ақшаны біреулерге аударғанын ғана айтып ақталуда. Сонда біздің ақшамыз қайда”,- деді тағы бір жәбірленуші Саракүл Досмайылова.



Алданған жұртшылық жәбірленуші ретінде тізімге енбегендіктен сот процесіне де қатыса алмай жүргендерін айтады. Ал сот өкілдері бұл істің басым бөлігі Ақтөбе қаласында қаралып жатқандықтан жәбірленуші 17 мың адамның тізімі де сонда екенін жеткізді. Қазір Шымкент қаласы бойынша 270 адамның арызы қабылданып, 4 адам жауапқа тартылып жатыр.

“Әл-Фараби аудандық сотына мынаны дұрыс қарамады деп талап етіп отырған жәбірленушілер оның ішінде тек қана бір жәбірленуші бар. Оны сот шақырды, жауабын алды. Ал басқа адамдардың менің ісіме ешқандай қатысы жоқ”,- деді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Сәбит Төреханов.

Қолдарындағысынан қағылған халық алған ақымызды қайтарсын деп талап етуде.

Талқылау