Ауруханада ВИЧ індетін жұқтырып алған Шымкент тұрғыны 4 баланың әкесі атанды
2006 жылы Шымкент ауруханасында АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы, ВИЧ) індетін жұқтырған балалардың барлығы қазір кәмелет жасынан асқан. Дәрігерлердің есебінше ол балалардың отбасыларында 22 дені сау бала дүниеге келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Арруханада АИТВ індетін жұқтырған балалардың бірі қазір төрт баланың әкесі. Балалардың барлығының дені сау. Оның әке болуына науқастың вирустық жүктемесін минимумға дейін төмендететін тұрақты ем көмектескен.
Қазір АИТВ індетін емдеу әдістері өзгерген. Бұрын антиретровирустық терапия иммунитет әлсіреген кезде басталып, күніне екі рет қабылданатын үш түрлі дәріні қамтитын болса, қазір күніне бір рет қабылданатын біріктірілген бір ғана препарат қолданылады. Жылына алты инъекцияны қажет ететін жаңа инъекциялық препарат алдағы жылдары енгізіледі деп күтілуде.
Дәрігерлердің айтуынша, анықталмаған вирустық жүктемесі бар науқастар қорғалмаған байланыс арқылы вирусты серіктестеріне жұқтырмайды және дені сау балаларды дүниеге әкеле алады.
Мұны АИТВ індетін жұқтырған екі баланың анасы Балнұрдың (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) әңгімесі де растайды. Балнұр қазір иммун тапшылығы вирусына шалдыққан науқастарға оңалту және қолдау көрсететін "Балаларды ЖИТС-тен қорғау" қорының қызметкері.
Төрт жыл бұрын Балнұр дәл осы қорға болашақ күйеуін әкеліп, қор ұжымы болашақ жарына Балнұрдың жағдайын түсіндірген.
"2006 жылы 14 жасымда дене қызуым көтеріліп, ауруханаға түстім. Дәрігерлер эпилепсия диагнозын қойып, катетер орнатты, ол бұрын қолданылған болып шықты. Шымкенттегі 200-ге жуық бала сияқты мен де сол кезде АИТВ инфекциясын жұқтырдым. Ата-анам мені қорқытпау үшін бұл туралы айтпаған. Мен өз статусым туралы 16 жасымда білдім", – дейді Балнұр.
Айта кетейік, 2006 жылы Шымкенттегі ауруханада дәрігерлердің салғырттығынан жалпы саны 149 бала АИТВ індетін жұқтырған, оның сегізі сот басталмай жатып аурудан көз жұмды.
Еске салсақ, 2023 жылы Алматыдағы орталық ауруханаға түскен 5 науқас ем алу кезінде АИТВ жұқтырып алғаны туралы жазған едік.