Қазақша бизнес: Белгілі кәсіпкер Шымкенттегі үлкен спорт кешенін арзан бағаға сатып алып, қалай миллиард табыс тапты
"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов Шымкент қаласындағы мұз айдынының жекенің меншігіне арзан бағамен сатылғанына назар аударды. Заңгердің айтуынша, болжалды құны миллиард теңгеге бағаланған нысанды 8 есе арзан бағаға сатқан билік бұл жерді кейін қайта жалға алған. Осылайша 2017-2023 жылдар аралығында мемлекет спорт кешенін жалға алу үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы төлеген. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серікжан Сейітжанов
Смағұлов сөзінің басында “достарға барлығы болады, ал қалғандарына тек заң бойынша” деген ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін еске салады. Шенеуніктердің жеке кәсіпкерлер үшін осыншалықты қолайлы жағдай жасауы таң қалдырады, дейді ол.
“Әкімдік 2017 жылы Шымкент мұз сарайын жекенің қолына өткізген. Бұл аймақтағы ең үлкен спорт кешені, ауданы 6203 шаршы метр + әкімшілік ғимараты 1810,8 шаршы метр. Сол кезде ЖШС-ның 67% үлесі жергілікті олигарх Сейітжановқа (Серікжан Сейітжанов – ред.) 128 млн теңгеге сатылған. Ал оның ол кездегі болжамды құны миллиард теңгеге жуық болған. Тәуелсіз бағалау сомасы 996 944 000 теңге екенін анықтаған”, – дейді Смағұлов.
Заңгер нысанның "Мұнай құрылыс сервис" ЖШС пайдасына 8 есе дерлік арзан бағаға сатылғанына баса назар аударады. Айтуынша, қалған 33 пайыздық үлес те "Саутс-Ойл" ЖШС арқылы Сейітжановқа тиесілі болған.
Смағұлов үлкен спорт кешенінің орташа үйдің бағасына тең қаржыға сатылғанына наразы.
- "Бұл жерде Дубай болуы тиіс еді": Заңгер Түркістанда құрылысына бюджеттен 9 млрд теңге жұмсалған жағажайдың қорқынышты суреттерін көрсетті
- "Сапасыз, бір реттік киімдер": Министрлік Азия ойындарына қатысатын спортшылардың киіміне 110 млн теңге жұмсаған
Ол шенеуніктер сол кезде 3 жылда 40 миллион теңге шығын әкелген нысанды ұстауға ақшалары жоқтығын айтып шағымданғанын айтады. Алайда көп ұзамай әкімдік олигархтан мұз сарайын қайта жалға алған.
“2017-2023 жылдар аралығында мемлекет спорт кешенін жалға алу үшін 1 млрд теңгеден астам қаржы төлеген. Біз сатып алу порталында 1 031 795 386 теңгені құрайтын шарттарды таптық. Схема қалай? 128 млн-ға сатып алып, содан кейін 7 жылдың ішінде жалға беру арқылы млрд-тан аса пайда табу. Және бұл жеке жалға алуды есептемегенде, мемлекеттік сатып алудан ғана”, – деп түсіндіреді заңгер.
Смағұлов Сейітжановтың Шымкенттік беделді кәсіпкер екенін, 360 миллион доллар байлығымен Forbes рейтингінде 23-орында тұрғанын атап өтеді. Айтуынша, ол көпшілікке немересі мен Қайрат Сатыбалдының қызының тойында 21 миллион теңгенің тортын алдыруымен танымал болған.
Заңгер олигархтың ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, мемлекетке қайтарып бергені дұрыс жеткізген.
“Жетер”, – дейді Дидар Смағұлов.