"Шикілік көп": Жамбыл облысында қайтыс болған сарбаздың ата-анасы тергеу жұмыстарына сенімсіздік танытты
Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қайтыс болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот басталды. Айыпталушы орындығында күдікті деп танылған – қаруласы, 18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат Аманжолов. Алайда марқұмның туыстары бүкіл кінәні әлі ант қабылдап үлгермеген жауынгерге артуына сенімсіздік танытты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Төрт айдан аса тергеу жүргізілгенімен, қос тараптың қорғаушылары да "істе шикілік көп" деп отыр.
Алғашқы сот отырысында Гвардейский кентіндегі 30/212 мотоатқыштар бөлімінің әскери қызметкерлерінен жауап алынуда. Оларға бастапқыда берілген жаза – лауазымынан босату болғанымен, қазір өзге бөлімдерге ауысып алған. Дегенмен адвокат сол күні кезекшілікте болған офицерлер мен сержанттардың өз жұмысына салғырт қарау бабы бойынша да қылмыстық іс жүргізіліп жатыр дейді.
Сондай-ақ сотта барлығы 180-ге жуық адам куәгер ретінде сұралады. Олар – марқұмның өзімен бірге еліміздің әр бұрышынан Отан алдындағы борышын өтеуге барғандар.
Істің ақ-қарасын анықтау үшін бәрі мұқият тергелу керек дейді қорғаушы. Өйткені қылмыс болған күні әскери бөлімдегі бүкіл бейнебақылау камералары істен шығыпты.
Еске салайық, Әлібек Қалбай Жамбыл облысына әскери борышын өтеуге келіп, төрт күннен соң жұмбақ жағдайда қаза болған. Айыптау актісінде: Әлібек қазасынан бір күн бұрын бірге әскерге келген Айболат Аманжоловпен төбелесіп, ауыр жараланған делінген. Алайда марқұмның туыстары тергеу толық жүргізілмеген деп отыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қаза тапқан маңғыстаулық сарбаздың туыстары "қылмыс толық ашылмады" деп наразылық білдірген еді. Тергеуде бір ғана сарбаздың ісі сотқа жолданғалы жатыр екен. Ал отбасы қалған жауаптылардың да жазаға тартылуын қалайтынын мәлімдеген. Артынша Жамбыл облысында сарбаз Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты іс сотқа жіберіген.