Су жаяу жүргіншілер жолына дейін көтерілді: Алматыдағы нөсерден кейін Сайранда не болып жатыр

Алматыда нөсер жауыннан кейін Сайран көліндегі су деңгейі көтеріліп, қалқымалы көпірге кіруге уақытша шектеу қойылды. Қала әкімдігі бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қабылданғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көпірдің жабылғанын алдымен қала тұрғындары байқаған. Олардың айтуынша, жауын-шашыннан кейін көлдегі су деңгейі кей тұста жаяу жүргіншілер жолына дейін жақындаған. Сондай-ақ көл бетінде ағаш қалдықтары, бұтақтар мен тұрмыстық қоқыстар көбейген.
Әкімдік мәліметінше, су деңгейінің көтерілуіне толассыз жауған жаңбыр мен Үлкен Алматы өзенінен келетін су көлемінің артуы себеп болған.
“Келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Сайран көліндегі қалқымалы көпірге кіру уақытша шектелді. Бұл – алдын алу шарасы. Шектеу жағдай тұрақталып, су деңгейі төмендегенге және көпірдің техникалық жай-күйі тексерілгенге дейін сақталады”, – деп хабарлады әкімдік.
ОқыңызҚазір көл маңында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар учаскелердің бірінде габион құрылымдарындағы тас толтырғыштарды ауыстырып, жағалауды нығайтып жатыр.
Сонымен қатар “Жасыл Алматы” қызметкерлері көл акваториясы мен жағалау аумағын қоқыстан тазалап жатыр.
Айта кетейік, 1 шілдеде Алматы құтқарушылары Іле Алатауы тауларында сел жүру қаупі бар екенін ескерткен еді. Бұған дейін Қаскелең шатқалында өзен көпірді зақымдаған. Ал Алматы облысының Қарасай ауданында карьер аумағында топырақтың жылжуына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді.
"Болашақ ойындары – 2026": Ауқымды сайыста Қазақстан намысын кімдер қорғайды