Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Таза Қазақстан": Ұлытау облысында жыл соңына дейін 30 мың түп ағаш отырғызылады

3 шілдеде Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Үкімет отырысында өңірде "Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде өңірде 19 мыңнан астам көшет отырғызылған. Көгалдандыру жұмыстары күз мезгілінде де жалғасып, жыл соңына дейін отырғызылатын ағаш саны 30 мың түпке жеткізіледі.

Сонымен қатар өңірде қоршаған ортаның тазалығын сақтау бағытындағы бақылау шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері 238 рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 1672 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Жалпы сомасы 4,3 млн теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында облыс аумағында жыл басынан бері 14-тен астам экологиялық акция мен сенбілік өткізілді. Соның нәтижесінде 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, 917 гектар аумақ тазартылды.

Өңірдегі ерекше бақылауда тұрған мәселелердің бірі – заңсыз қоқыс үйінділерін жою. "Қазақстан Ғарыш Сапары" АҚ мәліметіне сәйкес, 2026 жылы облыс аумағында 100 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 93-і толық жойылып, қалған 7 үйіндіні биылғы шілде айының соңына дейін жою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Жезқазған қаласында "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ қолдауымен қағаз қалдықтары мен резеңке-техникалық бұйымдарды қайта өңдеу жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін жылына 50 мың тоннаға дейін қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік туады. Жобаны аяқтау мерзімі – 2027 жыл.

Stan.kz
Жұма, 03 Шілде, 2026 17:30