Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ескі ақшаны ауыстырамыз" деген екі әйел 94 жастағы әженің ақшасын сыпырып кеткен

ақшасын ауыстырыпберем деп алдаған
Фото: polisia.kz

Қарағандыда 94 жастағы әжей алаяқтардың құрбаны болды. Өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел оның сеніміне кіріп, 1 миллион теңгесін қолды еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz хабарлайды. 

Полицияның мәліметінше, оқиға маусым айының соңында болған. Зейнеткердің айтуынша, үйіне өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келген.

“Олар ескі ақшаны жаңасына ауыстырып жатқанын айтып, әжейдің сеніміне кірген. Бұған сенген кейуана жинаған ақшасын қайда сақтайтынын көрсеткен. Күтпеген қонақтар кеткеннен кейін зейнеткер 1 миллион теңгесінің жоғалғанын анықтаған”, – делінген хабарламада. 

Кейін 94 жастағы қала тұрғыны Қарағанды қалалық полиция басқармасының Қазыбек би атындағы полиция бөліміне алаяқтық құрбаны болғанын айтып жүгінген. 

“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды ұстады. Күдіктілердің Алматы қаласының тұрғындары екені анықталды. Қазір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ полицейлер олардың Қарағанды облысы мен еліміздің өзге өңірлерінде жасалған осыған ұқсас алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр”, – деді ведомство.

Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, өздерін түрлі мекеме қызметкері ретінде таныстырған бейтаныс адамдарды үйге кіргізбеуге, оларға ақша бермеуге және жинаған қаражаттың қайда сақталғанын айтпауға кеңес берді.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 03 Шілде, 2026 17:04