Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Смартфон бағасына әсер етуі ықтимал: Қытайда дисплей компоненттері қымбаттап жатыр

Смартфон
Фото: Huaweicentral.com

Жад чиптері нарығындағы дағдарыстан кейін Қытайдың смартфон өндірушілері енді дисплей панельдерінің қымбаттауына дайын болуы керек. Жаңа деректерге сүйенсек, Қытайдағы поляризациялық пленка өндірісі нарықтағы компоненттер құнының үздіксіз өсуіне байланысты бағаны көтеруді қарастырып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Huaweicentral.com-ға сілтеме жасап хабарлайды.

TheElec басылымының мәліметінше, дисплей өндірісінде қолданылатын химиялық материалдар айтарлықтай қымбаттап барады. Бұл өзгеріс түрлі құрылғыларға арналған дисплей панельдерінің өзіндік құнына тікелей әсер етуі мүмкін.

Sigma Intel зерттеу компаниясының дерегі бойынша, биылдың екінші тоқсанында дисплейге арналған желім бағасы 15% өскен. Сонымен қатар поляризатор өндірісінде қолданылатын негізгі материалдар – поливинил спирті, полиэтилентерефталат, полиметилметакрилат және циклді олефин полимері де қымбаттап жатыр.

Поляризациялық пленка – экрандарда жарық толқынының бағытын реттейтін арнайы оптикалық сүзгі. Қарапайым тілмен айтқанда, ол қажетсіз жарықты бөгеп, белгілі бір жарық толқындарын ғана өткізетін “жарық қақпасы” қызметін атқарады. Дәл осы қабат экрандағы бейненің анық көрінуіне және түстердің қанық шығуына ықпал етеді.

Материалдар мен компоненттер бағасының күрт өсуіне байланысты поляризациялық пленкалардың жалпы құны шамамен 10% артқан. Кейбір компоненттердің бағасы бастапқы құнынан 70-80% дейін қымбаттаған. Осыған байланысты бірқатар дисплей панельдерін өндіруші компания жеткізу бағасын 10% көтеруді сұрап отыр.

Қытай қазір әлемдік поляризациялық пленка нарығының 71,3%-ына ие. Сондықтан бұл елдегі дисплей өндірісінде бағаның өсуі жаһандық смартфон нарығына да әсер етуі мүмкін.

Sigma Intel Қытай негізгі материалдардың басым бөлігін жергіліктендіруде белгілі бір нәтижеге жеткен деген болжам жасады.  Алайда компенсациялық пленкалар бойынша әлі де сыртқы жеткізушілерге тәуелділік бар.

“Коммерциялық жаппай өндірісті жолға қою және сапаны тұрақтандыру уақытты қажет етеді. Сондықтан кореялық және жапониялық компаниялардың негізгі материалдар нарығындағы үлесіне қатысты елеулі өзгерістер 2027 жылдан кейін ғана басталуы мүмкін”, – деп болжайды Sigma Intel сарапшылары.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 03 Шілде, 2026 16:10