Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында 10 ауылдың тұрғындары алтын өндіретін компания жұмысына қарсы шықты

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданындағы 10-ға жуық елді мекен тұрғындары Маралды ауылында кен өндіретін фабриканың салынуына қарсы шықты. Олардың айтуынша, кен іздегендер заңды белден басып, табиғатқа залал келтірген. Соның кесірінен жайылым мен шабындық жері тарылған. Ал осы өңірде бірнеше жылдан бері алтын шайып жүрген компания өкілдері құжатта мін жоқ, заңды жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап. 

ауыл

Қазір аймақта 100 гектарға жуық жердің астаң-кестеңі шыққан. Ал тұрғындар фабрика салынса, жағдай бұдан да сорақы болуы мүмкін дейді. Қазір Маралдыдағы сиырлары алтын қазғандардың қопарып тастаған жерінде жүр. Кен іздегендер ауыл төңірегіне келгелі малдың жайылымы ғана емес, елдің тынысы да тарылған. Өзендегі балық саны да азайған. 

“Ана жолдары екі күн ауа температурасы көтеріліп, ауылымызды түгел шаң басып кетті. Ауылдың адамдары үйлеріне тығылып, демалудан қалды. Қазір басталмай жатып осылай. Фабрика жұмысы басталса не болады”, –деді Маралды ауылының тұрғыныӘділ Қожықов

Ауыл тұрғындары алтын өндіретін фабрика салынса, Күршім өзені жарамсыз күйге түсе ме деп алаңдайды. Өйткені бұл өзеннің бойында бір емес, онға жуық елді мекен орналасқан.   

“Мына жер – алтын қазатын емес, туризмді дамытатын жер. Біздің жерімізде, мына өзенде таза балық өседі. Мәселе, Қызыл кітаптағы таймен, хариус балықтары бар”, – деді Маралды ауылының тұрғыны Мейірхан Байсұлтанов

Маралды деп аты айтып тұрғандай, бұл төңіректе марал да, басқа да аң-құстың түрі көп. Ал егер фабрика салынса, қоршаған орта бүлініп, иен даланы еркін жайлаған маралдардың өзі емес, ескерткіші ғана қалуы мүмкін деп алаңдайды жергілікті тұрғындар.    

“Бұл жерде цианид кислота өндіреді. Бұрынғы шахталық әдіс емес. Ашық әдіспен. Бұл өте зиян. Өскеменнің жанындағы Секисовка ауылы осы цианидтің кесірінен қазір зардап шегіп отыр. Соны қайталамау керек. Егер мынадан ақса, Ертіске барып құяды. Осының бойындағы ауылдарға зиян”, – деп мәлімдеді Күршім ауылының тұрғыны Нұрбек Байтұрсынов.

Ауыл тұрғындарын алаңдатып отырғаны – кен орнының, салынатын фабриканың дәл елді мекеннің төбесінде орналасқаны. Ал компания өкілі бұдан келер қауіптің жоғын айтады.  

“Ауылдың дәл төбесінде тұр деп тауды айтып жатыр. Таудың ішінде кен орындары бар. Бұл фабрика кен орнының үстіне салынбайды. Бір жотадан ары қарай. Ауылға дейін үш шақырым”, – дейді кен өндіруші компанияның экологы Дәулет Асанов.

Алайда жергілікті тұрғындар кен өндіруші компания өкілдерінің айтқан сөздеріне сенбейді. Алтын қазуға рұқсат беретін құжаттары да дұрыс емес екенін алға тартты. Алайда компанияның бас геологы бұл пікірмен келіспейді.   

“2023 жылға дейін құжаттарымыз бар. Ол бойынша геология комитеті 27%, 50 мың тонна кен алуға арналған рұқсат қағазы бар”, – деп мәлімдеді кен өндіруші компанияның бас геологы Асхат Әзілханов.

22 маусымда Маралдыға Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов арнайы келіп, қоғамдық тыңдауға қатысты. Төрт сағатқа созылған жиында тұрғындар бір ғана талап қойды. "Алтын өндіретін фабрика салынбасын" деді бәрі бірауыздан.  

“Халықтың, осы жердің тұрғындары, көпшілік наразылығын білдіріп жатыр. Негізі кез келген жоба, кез келген бастама тек халықтың тыңдауымен өтуі керек. Соны басшылыққа алып, шешім шығарамыз”, – деді Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфықар Жолдасов. 

Тұрғындарды сан айдан бері сарсаңға салған сауалға бұл күні жауап берілмеді. Нақты шешім бір айдан кейін айтылатын болды. Тиісінше фабрика құрылысы да бір айға тоқтатылды.

Назархан Уән
Жұма, 24 Маусым, 2022 07:59
Талқылау