Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Шетелдік агенттердің ісі": Депутат Ермұрат Бапи өзінің улануына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи өзінің "улануына" қатысты ақпарат туралы мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: коллаж Stan.kz

Депутат Ермұрат Бапи өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, белгісіз ауруға шалдыққанын мәлімдеді. 

“Ауырып қалған жағдай бар. Диагноз белгісіз. Улану мен уландыруға қатысты күдік бар дейді. Клеткалы-молекулярлы негізде диагностика қажет екен. Көрерміз. Аман болайық, ағайын!”, – делінген депутат жазбасында. 

Фото: facebook.com/Ермұрат Бапи

Депуттаттың жазбасынан кейін БАҚ-та Ермұрат Бапидің кейбір шетелдік барлау қызметтері пайдаланатын “Новичок” атты әскери қоспамен уланған болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ депутаттың Еуропаға емделуге кеткені айтылған. 

Журналистерге сұхбат берген депутат бұл ақпараттарды жоққа шығарды. 

"Мен әлі ешқайда кеткен жоқпын, Еуропадағы клиникадан шақыру күтіп отырмын. Мұның бәрі күдік, уланғанымды әлі ешкім анықтаған жоқ. Бұл журналистердің бір нұсқасы ғана. Үш-төрт күн бұрын мен Facebook-те қолымның іскен фотосын жарияладым. Содан кейін әңгіме басталды, ешқайда кеткен жоқпын", – дейді депутат. 


Депутат Ермұрат Бапи өзін популист деп атаған Бекболат Тілеуханға жауап берді


Депутат ісіктің себептерін анықтау үшін барлық сынақтан өткенін, алайда әлі де ісіктің пайда болу себебі анықталмағанын атап өтті. Депутат еуропалық клиникалардың біріне де талдаулар жіберіп, қазір олардан шақырту күтіп отырғанын айтты. 

"Жалпы өзімді қалыпты сезінемін, қазір шипажайдамын. Демалыстан кейін өз сайлаушыларымның мүддесі үшін жұмысты жалғастыруға ниеттімін. Бәрі жақсы, алаңдайтын ештеңе жоқ", – деді депутат. 

Еске салсақ, бұған дейін парламент депутаттарының 1 қыркүйекке дейін каникулға кеткені туралы жазған едік. 

Талқылау