"Нағыз штрафстан": Шетелде жұмыс істейтін қазақстандық жалақысының 10 пайызын елге салық ретінде беретініне шағымданды
Шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтар жалақыларының 10 пайызын Қазақстанға салық ретінде төлеуге міндетті екенін білесіз бе? Бұл еліміздің жеке табыс салығында заңмен көрсетілген. Дегенмен бұл міндетке барлығы келісе бермейді. Желіде шетелде жүріп маңдай термен тапқан айлығының жартысын салық төлеуге жұмсағысы келмейтін қазақстандық шағымданды. Айтуынша, Қазақстан тарапы өзге елге жұмысқа орналасуда, виза алуда еш қолдау, көмек көрсетпейді. Соған қарамастан жалақының бір бөлгін салық етіп төлетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видео кадрларынан
Әнуар Сейткерім есімді TikTok қолданушысы өзіне салық төлеу туралы хабарлама келгенде таңғалғанын жасырмады.
“Белгілі болғандай, егер шетелде жұмыс істесең, кез келген табысыңнын 10 пайызын Қазақстанға салық ретінде төлеуің қажет екен. Мұны қайдан білді десеңіздер, маған салық комитетінен жазды. Қатты таңғалдым. Олар қандай да бір заңды айтты. Мен сол заң туралы іздеп, шынымен сондай салықтың барына көзім жетті.
Мәселен, егер 100 мың доллар жалақы алсам, алдымен АҚШ-қа табыс, федералды, SSN, штат салықтарын, сақтандыру және тағы да басқа салықтарды төлеуім керек. Бұл менің барлық жалақымның шамамен 40 пайызына тең. Сонымен қатар белгілі болғандай еш себепсіз жай ғана жалақымның 10 пайызын Қазақстанға да салық ретінде беруім керек. Бұл – 10 мың доллар ақша”, – деді ер адам.
Оның айтуынша, Қазақстан шетелде жүрген азаматтарына мұнымен ауыртпалық түсіріп отыр.
“Қазақстанның үкіметі АҚШ-та еш көмектескен жоқ. Соған қарамастан мен өз табысымның 10 пайызын салық ретінде беруім керек екен. Менің сұрағым бар. Ол жақтан кетуге шешім қабылдап, көшіп келсем де, неге Қазақстанға 10 пайыз салық төлеуім керек? Қазір Америка азаматтығын алғым келеді. Жақсы, көп ұзамай мына жақтан өзіме қажет құжаттарымды алармын.
Дегенмен Қазақстанға оралатын да адамдар бар ғой. Ал оларға не болады? Қазақстан ештеңеге көмектеспейді. Адамдарды жұмысқа жібермейді, жұмысқа бару жолында қолдау көрсетпейді, жұмыс визасын жасап бермейді. Сонымен қоймай барлық табыстың 10 пайызын сұрайды. Таңғалып отырмын. Бұл – өте күлкілі жайт”, – деп қосты ол.
Желі қолданушылары видео астына жаппай пікір білдірді:
“Ең сорақысы біздің осы ақшамыз қандай да бір ағаның қалтасына кетіп жатыр”, “Штрафстан кедей ел, шенеуніктерге ақша керек”, “Онда біздің салықтың қайда кетіп жатқанына есеп берсін”, “Нағыз штрафстан”, – деді көпшілік.
@anuar_seitkerim Отправь казаху работающему за границей #америка #сша #чикаго #бизнесвсша #работавсша #доставкавсша #налогивсша #казахстан ♬ original sound - Anuar Seitkerim
Алайда желіде бұл азаматтың сөзіне кереғар пікір айтқандар да болды. Тағы бір TikTok қолданушысы мұндай салықтың бұрыннан барын және шетелге шықпас бұрын алдымен осыған назар аудару керек екенін жеткізді.
“Қазақстандықтардың шағымданғаны туралы сіздер де естіген шығарсыздар?Мысалы, 10 мың доллар тапсаңыз, оның 3-4 мың доллары бюджетке кетеді. Яғни сенің қолыңда 6-7 мың доллар қалады. Сонымен қатар толық айлығыңның есебімен сен 10 пайыздық салықты Қазақстанға да төлеуің қажет. Осыған қазақстандықтар: “не үшін, неліктен?” деп ренжіп жатыр. Себебі шамасы көбі екі жақты салық туралы конвенция туралы естімеген сияқты”, – деді желі қолданушысы.
Әйел Қазақстанның мұндай салық туралы ереже үшін бірнеше елмен келісімшарт жасасқанын жеткізді.
“Іздеп қарасам, бұл тізімде 43 мемлекет бар екен. Өзімді алаңдатқан да елді тізім ішінен таптым. Себебі көбі менің ұлымның Францияда оқып, жұмыс істейтінін біледі. Сол себепті бұл видеоны көріп, мен де алаңдағанымды жасырмаймын. Қазір ол сол елде адал жұмыс істеп табысынан тиесілі барлық 40 пайыздық салығын Францияға төлеп жүр.
Меніңше, егер шетелге шығып жұмыс істеу туралы ойыңыз болса, алдымен салық конвенциясына қатысы бар елдер тізімін қарап алғаныңыз жөн. Сол арқылы табысыңыздың қалай болатынын, қанша салық төлеуіңіз мүмкін екенін алдымен есептеп алу керек. Себебі қаржы шығыны туралы басынан ойлаған жөн”, – деп қосты ол.
@kzwomen #казахстан #налогообложение #деньги ♬ Originalton - yannicklowack
Елімізде Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағы, 317-бабының 1-тармағы (жеке тұлғалардың табыстарынан, соның ішінде шетелдіктер немесе Қазақстан Республикасының резиденттері болатын азаматтығы жоқ адамдардың табыс төлем көзінен 10% жеке табыс салығы алынатыны көрсетілген.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, қазір Қазақстан шет мемлекеттермен қосарланған салықты болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы 53 конвенция жасасқан. Яғни тізімдегі елдерге барсаңыз, салықты тек бір елде төлейсіз.
“Егер азаматтар қосарланған салық салуды болдырмау үшін резиденттігін растайтын сертификат алса, онда олар жұмыс істейтін елінің салығынан босатылып, тек Қазақстанда төлейді”, – деді ведомство.
240.00 нысанындағы жеке табыс салығы бойынша декларацияны мынадай жеке тұлғалар жасайды:
- мүліктік табыс, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлердегі мүлікті сатудан түскен табыс, сондай-ақ басқа да кірістер;
- Қазақстаннан тысқары жерлердегі көздерден табыс алғандар;
- резидент-еңбек имигранттары;
- жеке тәжірибемен айналысатындар;
- Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан шетелдік банктердегі банк шоттарында ақшасы барлар;
- Қазақстаннан тыс жерде тіркелген заңды тұлғаның меншік құқығында жылжымайтын мүлкі, бағалы қағаздары, жарғылық капиталына қатысу үлесі болса;
- Салық кодексінің 19-бөліміне сәйкес резидентент еместер.