Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әрине, ұят тірлік": Аида Балаева Akon-ға іш киім лақтырған жанкүйерлердің әрекетін сынады

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева америкалық әнші Akon-ның концертінде болған келеңсіз оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Akon концерт

Астана қаласында өткен америкалық әнші Akon-ға жанкүйерлері іш киім лақтырған болатын. Осы оқиғадан кейін мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай депутаттық сауал жолдады. Депутаттың сауалына сәйкес министр Аида Ғалымқызы пікір білдірді. 

"Бұл мәселеде мені орындаушыға іш киім лақтырған қыздардың іс-әрекеті көбірек алаңдатты. Әрине, ұят тірлік. Кейде шектен шығып кетеміз. Шығармашылық индустрия тұрғысынан айтатын болсам, халықаралық деңгейдегі әншілердің елге келуі – заңдылық. Біздің де әншілеріміз аудиторияларын үлкейту үшін шетелге барып, концерт қояды”, – деп түсіндірді министр. 

Сондай-ақ, әлем жұлдыздарының елге келіп, концерт беруіне тыйым салынбайтынын айтты. 

“Бәріне тыйым салу мүмкін емес. Мұндай кештерді біздегі мәдениет басқармалары ұйымдастырмайды. Оны жеке ұйымдар шақырып ұйымдастырады. Коммерциялық кештер болғасын, біз оларға кедергі бола алмаймыз”, – дейді Аида Ғалымқызы. 

Сонымен қатар министр өзі басқарып отырған мәдениет министрлігі әртістердің әдепсіз сөздер қолданбайтынына, өздерін әдепті ұстайтынына және саясаттануға жол бермейтінін қадағалайтынын атап өтті. 

Талқылау