"Шекарадан оңай өттім": Кино көру үшін Қазақстанға келген ресейлік азамат сапары жайлы айтты
Ресейлік азамат "Доктор Стрэндж: В мультивселенной безумия" фильмінің тұсаукесерін көру үшін Қазақстанға қалай келгенін айтып берді. Бұл фильм Ресей кинотеатрларынан көрсетілмеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Тинькофф журнал" сайтына сілтеме жасап.
"Мен киноны жақсы көремін, сондықтан үлкен экрандағы премьераны жіберіп алуды қаламадым, бұған қоса "Стрэндждің" сапасыз көшірмесін көргім келмеді. Мамыр айының мереке күндері мен Новосибирскіде болған едім. Ол Қазақстанның Павлодар қаласынан алыс емес – шамамен 580 шақырымдай. Сондықтан фильмді көру үшін көрші елге бір күнге барып, сонымен бірге тарихи эпопея "Варягты" да көріп қайтқым келді. Ол фильм де Ресейде көрсетілген жоқ", – дейді Дмитрий Бутырин.
Ер адам жол жүру ережелерін, мүмкіншіліктері мен жолға жұмсалған қаражат туралы ашып айтты. Ол жолға танысымен бірге шыққан.
6 мамырда шекараны кесіп өтпес бұрын олар коронавирустың ПТР тестінен өткен. Ал 8 мамырда көлікпен жолға шыққан. Павлодарға дейін екі елдегі жанар-жағармай құю бекеттерін қоса есептегенде олар 4 600 рубль – шамамен 30 600 теңге жұмсаған.
- "Күйеуі қорғаныс министрлігінде істейді": Депутат "Сендерді Путинге айтамын" деп сес көрсеткен әйел туралы айтты
- Ресейдегі парад: Путин Украина жеріне басып кірудің "жалғыз дұрыс шешім болғанын" айтты
- Соңғы 3 айда Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келген
"Шекараға дейінгі жол бес сағатқа созылды, бұл бағыттағы жолдар өте нашар екен. Шекарадан оңай өттік. Мен барлығы қиын болатын шығар деп күтіп едім, бірақ іс жүзінде бәрі қарапайым болды. Шекарадан 30-40 минутта өтіп кеттім", – дейді ресейлік азамат.
Нәтижесінде олар Қазақстанға келуге 12 821 рубль немесе 82 000 теңгеден жұмсаған. Қаражаттың басым бөлігі бензин мен көлікті сақтандыру үшін жұмсалған.
Сөзін қорытындылай келе ресейлік азамат фильмнің өзіне қатты ұнағанын айтады.
"Киноны үлкен залда отырып көру көп кемшіліктерді жуып-шайып кетті. "Стрэнджді" кинотеатрдан көргеніме қуаныштымын, себебі үйде дәл бұлай көңілімнен шықпас еді. Сондықтан мен келгеніме мүлдем өкінбеймін", – деді Дмитрий Бутырин.